Биыл құрылғанына 5 жыл толған «Ұстаз» мектеп-интернатында қазақ киносы мен театр өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, қазақтың аяулы «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешовамен ерекше әсерлі әрі тағылымды кездесу өтті.
Қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесін сомдап, халық жүрегінен орын алған өнер майталманымен жүздесу оқушылар үшін ұмытылмас рухани сәтке айналды.
Кездесу барысында оқушылар қазақ киносы мен театр өнерінің тарихы, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті, өнер адамының жауапкершілігі туралы өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Сонымен қатар Меруерт Өтекешованың шығармашылық жолы, өнердегі жетістіктері, өмірлік ұстанымдары мен жеке өміріндегі тағылымды сәттері туралы естеліктерін тыңдады.
Өнер майталманы «Ұстаз» мектебінің оқушыларына білім мен тәрбиенің маңыздылығы жөнінде ақыл-кеңесін берді.
«Жақсы оқыңдар, білімді болыңдар, өмірде дұрыс жол таңдап, жақсы жар таңдаңдар. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді құрметтеңдер. Қазақ елінің болашағы сендердің қолдарыңда», – деді өнер майталманы.
Кездесу соңында халық әртісі Меруерт Өтекешова өзін арнайы шақырып, ерекше ықыласпен қарсы алған «Ұстаз» мектеп-интернатының оқушылары мен ұстаздарына шынайы ризашылығын білдірді.
Ұлттық өнердің қадірін ұғындырып, жас ұрпақты ізгілікке, білімге, адамгершілікке баулыған жүздесу оқушылардың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.
#МеруертӨтекешова #ҚызЖібек #ҰстазМектепИнтернаты #БесЖылдықМерейтой #АтырауУниверситеті #ҚазақКиносы #ТеатрӨнері #ТағылымдыКездесу #ҰлттықҚұндылықтар