Media resources
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӘЙЕЛДЕР ДЕНСАУЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
News

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӘЙЕЛДЕР ДЕНСАУЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Әйел өмірі үшін» республикалық ақпараттық кездесуі өтті. Іс-шараны университет, «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты және Онколог-маммологтар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесуде сүт безі обырының алдын алу, ауруды ерте анықтау және әйелдердің денсаулығына жауапкершілікпен қарауы мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айгүл Әмірғалиева, Атырау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры, Әйелдер қанатының мүшесі Эльмира Сапарова және Әйелдер қанатының мүшесі Надежда Чегрина қатысты.

Кездесу барысында мамандар сүт безі обырының алғашқы белгілері мен қауіп факторларын түсіндіріп, өзін-өзі тексеру тәсілдері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ауруды ерте кезеңде анықтау емнің тиімділігін арттыратынын атап өтті. Олар әйелдерді профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, денсаулығына мұқият болуға шақырды.

Студенттер мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, маңызды мәселелерге қатысты жауап алды. Еркін пікір алмасу арқылы қатысушылар онкологиялық аурулардың алдын алу және медициналық тексеруден өтудің маңызы жөнінде пайдалы мәліметтермен танысты.

«Әйел өмірі үшін» республикалық бастамасы әйелдер денсаулығын қорғауға, сүт безі обырының алдын алу туралы ақпаратты кеңінен таратуға және ерте диагностиканың маңызын түсіндіруге бағытталған.