Media resources
АРХИВТЕГІ АСЫЛ МҰРА
News

АРХИВТЕГІ АСЫЛ МҰРА

АРХИВТЕГІ АСЫЛ МҰРА

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде көрнекті ұстаз, тарихшы, өлкетанушы Есет Қаженбаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған көрме-кездесу кеші өтті.

Іс-шараны университеттің қолдауымен «Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасы» мен «Атырау облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Атырау қалалық филиалы ұйымдастырды. Көрменің модераторлары – тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Аққали Ахмет және Атырау қалалық архиві филиалының басшысы Ақжарқын Серікқалиқызы сөз сөйлеп, кездесудің маңызына тоқталды.

Іс-шара барысында Атырау қалалық архивінің ведомстволық бөлімінің басшысы Самал Базарбайқызы архив қорында сақталған Есет Қаженбаевтың жеке тектік құжаттары мен қолжазбаларын таныстырды. Құнды архив материалдары арқылы ғалымның өмірі мен кәсіби жолына қатысты тың деректер көпшілік назарына ұсынылды.

Университетіміздің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов өз сөзінде Есет Қаженбаевтың университет тарихындағы орнына тоқталып, ғалымның ұрпақ тәрбиесіне, білім мен ғылым саласына қосқан үлесінің маңызын атап өтті. Сонымен қатар тарихшы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымұлы сөз сөйлеп, Есет Қаженбаевтың ғылыми-педагогикалық қызметі мен тұлғалық болмысына қатысты естеліктерімен бөлісті.

Көрме-кездесуге География және туризм кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер, Есет Қаженбаевтың ұрпақтары, туыстары және шәкірттері қатысты.

Кеш барысында тұлғаның тағылымды ғұмыры мен ғылыми-педагогикалық мұрасы кеңінен сөз болып, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі дәріптелді. Көрме арқылы Есет Қаженбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты құнды архивтік құжаттар көпшілікке таныстырылды.