Атырау университетінің өкілі «Study in Kazakhstan» жобасын дамыту жұмысына қатысты
ҚР ҒЖБМ Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласында «Study in Kazakhstan» жобасын дамыту және ілгерілету бағытында жұмыс жүргізілді. Аталған жұмысқа Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Халықаралық әріптестік және интернационалдандыру кеңсесінің маманы Хамидулла Салтанат Хубайдуллақызы қатысты.
Жұмыс барысында Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейде таныту, шетелдік талапкерлерді қазақстандық жоғары оқу орындарына тарту және «Study in Kazakhstan» бірыңғай білім беру брендін дамытуға бағытталған практикалық ұсыныстар әзірленді.
Қатысушылар жобаның визуалды танымалдылығын арттыру мақсатында «Study in Kazakhstan» логотипін әзірлеу жұмысына қатысып, жобаны әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы ілгерілету, шетелдік студенттердің қатысуымен контент әзірлеу, халықаралық аудиториямен коммуникацияны күшейту және жаңа мақсатты елдерде қазақстандық білімді насихаттау бойынша ұсыныстарын ұсынды.
Бағдарлама аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Astana IT University университеттеріне сапар ұйымдастырылып, жоғары оқу орындарының халықаралық студенттермен жұмыс жүргізу тәжірибесімен, білім беру инфрақұрылымымен және интернационалдандыру бағытындағы қызметімен танысуға мүмкіндік берілді.
Жұмысқа жоғары білім беру саласындағы халықаралық стратег, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Dr. Selman Arslanbaş қатысып, қатысушылармен бірге «Study in Kazakhstan» жобасын халықаралық деңгейде ілгерілету, Қазақстанның білім беру мүмкіндіктерін шетелдік аудиторияға тиімді таныстыру және шетелдік студенттер үшін еліміздің тартымдылығын арттыру бағыттары талқыланды.
Аталған жұмыс Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің халықаралық беделін нығайтуға, «Study in Kazakhstan» брендінің танымалдылығын арттыруға және қазақстандық жоғары оқу орындарына шетелдік студенттерді тартудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға бағытталды.