Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Қазақстандағы партиялық жүйенің қалыптасуы мен даму кезеңдері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға «Әділет» партиясы Атырау қалалық филиалының төрағасы, университеттің ардагер ұстаздары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты еліміздегі партиялық жүйенің қалыптасу және дамуын талқылап, қатысушылар арасында ашық пікір алмасу алаңын қалыптастыру.
Дөңгелек үстелге Х.Б. Табылдиев атындағы «Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сайпулла Сапанов модераторлық етті.
Алғашқы болып сөз сөйлеген университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бахыт Алтынбасов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы партиялық жүйенің рөлін атап өтті. Ал профессор Сайпулла Сапанов Қазақстандағы саяси партиялардың құрылуы мен даму кезеңдеріне тарихи тұрғыдан шолу жасап, осы үдерістегі негізгі оқиғалар мен әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктерін баяндады.
«Әділет» партиясы Атырау қалалық филиалының төрағасы Қуандық Жақиялиев партиялық жүйенің қазіргі жағдайы мен азаматтық қоғамды дамытудағы саяси ұйымдардың міндеттері жөнінде баяндама жасады. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Сәлімұлы елімізде жүзеге асырылып жатқан құқықтық және саяси жаңғырулар туралы пікір білдіріп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Тарихшы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахман Нағымұлы партиялық жүйені одан әрі дамытуға қатысты ойларын бөлісіп, болашаққа бағытталған ұсыныстарын айтты.
Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, PhD Рахметолла Закарья тақырып аясында пікір білдіріп, саяси партиялардың қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға ықпал етуі, азаматтық белсенділікті арттыруы және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуы маңызды екенін атап өтті. Университеттің аға оқытушысы Рафаэль Хабиров саяси партиялардың қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтерудегі маңызына тоқталып, олардың халықтың сұранысы мен қоғамдық қажеттіліктер негізінде қалыптасатынын атап өтті.
Дөңгелек үстел мазмұнды пікірталасқа ұласып, қатысушылар Қазақстандағы партиялық жүйенің өткені мен бүгініне қатысты ойларын ортаға салды. Кездесу барысында саяси институттарды жетілдіру, қоғам мен партиялар арасындағы байланысты нығайту және азаматтардың саяси белсенділігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.