Media resources
«Таза Каспий: өңіраралық ынтымақтастық» – экологиялық мәселелер талқыланды
News

«Таза Каспий: өңіраралық ынтымақтастық» – экологиялық мәселелер талқыланды

«Таза Каспий: өңіраралық ынтымақтастық» – экологиялық мәселелер талқыланды
12 тамыз – Халықаралық Каспий күніне орай Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Таза Каспий: өңіраралық ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті бірлесіп ұйымдастырды. Жиынның негізгі мақсаты – Каспий теңізінің қазіргі экологиялық жағдайын талқылау, табиғи ресурстарын сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытында ортақ ұсыныстар қалыптастыру болды.
Пленарлық отырысты Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов ашып, Каспий теңізінің экологиялық жағдайы жағалауындағы мемлекеттер үшін ортақ мәселе екенін атап өтті. Ол теңіз деңгейінің төмендеуі, климаттың өзгеруі және су ресурстарының азаюы сияқты өзекті мәселелерді шешуде бірлескен іс-қимылдың маңыздылығына тоқталды.
Өңір басшысы Каспийдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ғылым мен тәжірибені ұштастырып, мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық және қоғам арасындағы өзара байланысты күшейтудің қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Атырау облысында қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану және Каспий экожүйесін сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жиында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы сөз сөйлеп, Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін шешудегі ғылым мен білімнің рөліне тоқталды.
Ректор Каспий экожүйесін сақтау үшін ғылыми зерттеулерді дамыту, зерттеу нәтижелерін тәжірибеде тиімді пайдалану және ғалымдар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар арасындағы байланысты одан әрі нығайту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар университеттің ғылыми әлеуетін экологиялық мәселелерді зерттеуге бағыттау және жас ғалымдарды осы бағыттағы жұмыстарға тарту қажеттігіне назар аударды.
Дөңгелек үстел барысында Каспий теңізінің қазіргі экологиялық жағдайы, биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалану, климаттың өзгеруінің теңіз экожүйесіне әсері және Каспий өңіріндегі экологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Іс-шарада Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің техника ғылымдарының кандидаты, профессоры Мансия Санаққызы Есенаманова «Солтүстік Каспий экологиялық ахуалы: мұнай-газ қызметінің тарихи мұрасы, қазіргі экологиялық проблемалар және орнықты даму стратегиялары» тақырыбында баяндама жасады.
Ғалым өз баяндамасында Солтүстік Каспийдің экологиялық ахуалына, мұнай-газ қызметінің тарихи мұрасына, қазіргі экологиялық мәселелерге және орнықты даму стратегияларына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сонымен қатар дөңгелек үстелде Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу жұмыстары, Прикаспий өңіріндегі экологиялық-химиялық зерттеулер, Еділ-Каспий бассейнінің су экожүйелерін кешенді бағалау, су ресурстарын пайдалану, теңіз деңгейінің төмендеуінің «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының биоалуантүрлілігіне әсері және жағалау экожүйелерін қалпына келтіру мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды.
Жиынға жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық пен жоғары оқу орындарының ғалымдары, Маңғыстау облысы және Ресей Федерациясынан келген зерттеушілер, табиғат қорғау және экологиялық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен волонтерлер қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар пікір алмасып, Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды сақтау және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытында ұсыныстарын ортаға салды.
Дөңгелек үстел аясында су саласының белсенді қызметкерлері, табиғатты қорғауға үлес қосқан волонтерлер, экологиялық бастамаларды жүзеге асырып жүрген оқушылар және шағын грант иегерлері марапатталды.
Каспий теңізін сақтау – жағалауындағы мемлекеттерге ортақ міндет. Ал бұл бағыттағы ғылыми зерттеулер, тәжірибе алмасу және бірлескен бастамалар Каспий экожүйесінің тұрақты болашағын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.