Media resources
Атырау облысының әкімі Атырау университетінің тыныс-тіршілігімен танысты
News

Атырау облысының әкімі Атырау университетінің тыныс-тіршілігімен танысты

Атырау облысының әкімі Болат Оралұлы Ақшолақов Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне арнайы келіп, оқу орнының қызметімен, материалдық-техникалық базасымен, заманауи инфрақұрылымымен және білім беру бағыттарымен танысты.
Өңір басшысын университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов Нұрмұханұлы қарсы алып, жоғары оқу орнының қазіргі даму бағыты, білім беру үдерісі, ғылыми-зерттеу әлеуеті, материалдық-техникалық базасы және жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы ақпарат берді.
Сапар барысында облыс әкімі алдымен «Жайық» мәдени-спорт кешенінің қызметімен танысты. Кешенде студенттердің мәдени, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған мүмкіндіктер таныстырылды.
Одан әрі өңір басшысы университеттің ғылыми-зерттеу зертханаларын аралап, олардың жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, Робототехника және мехатроника зертханасы, құрамында күкіртсутегі бар газды және мұнай шламын кәдеге жарату және регенерациялау зертханасы, сондай-ақ экологиялық технологиялар, ресурстарды үнемдеу және биоматериалдарды қайта пайдалану бағытындағы зертхананың қызметі таныстырылды.
Зертханаларда студенттер, магистранттар, жас ғалымдар мен оқытушылар заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, тәжірибелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Зерттеу бағыттары өңірдің өндірістік және экологиялық мәселелерін шешуге, жаңа технологияларды әзірлеуге және ғылыми нәтижелерді тәжірибеге енгізуге бағытталған.
Кездесу барысында университеттің білім беру саласындағы жетістіктері мен цифрлық даму бағыттары да таныстырылды. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асхат Ералыұлы оқу орнының «Атамекен» рейтингісіндегі көрсеткіштері, Coursera халықаралық білім беру платформасымен ынтымақтастығы, Aisana цифрлық жүйесі және «Ұстаз мектебі» жобасы жөнінде таныстырылым жасады.
Университетте білім сапасын арттыру, цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу, оқытушылардың кәсіби құзыреттерін жетілдіру және студенттердің заманауи дағдыларын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ғалым-агроном, Биология, геоэкология және құрғақ жемшөп өндірудің ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі Болат Мұхамбетов Экология, био және нанотехнологиялар ғылыми-зерттеу институтының қызметі мен негізгі ғылыми бағыттарына тоқталды.
Атап айтқанда, жайылымдардың өнімділік әлеуетін арттыру және оларды ұтымды пайдаланудың тиімді технологияларын әзірлеуге арналған зерттеулер таныстырылды. Ғылыми жұмыстар жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыруға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына бағытталған.

Одан кейін педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Экология, био-, нанотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуанбаева Баян Ұлжағалиевна ғылыми жобаларды коммерцияландыруға бағытталған DP23691820 «Физикадан толықтырылған шынайылықтың динамикалық бейнелері мен интерактивті модельдері негізінде оқу құралын әзірлеу» жобасын таныстырды.
Сондай-ақ университет ғалымдарының өңірдің экологиялық және аграрлық салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған жобалары сөз болды. Зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу және ғылыми әзірлемелерді өндіріспен ұштастыруға басымдық берілуде.
Болат Оралұлы университеттің материалдық-техникалық және ғылыми инфрақұрылымына қызығушылық танытып, білім мен ғылымды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен ұштастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінде Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, жас ғалымдарды қолдау, заманауи инфрақұрылымды жетілдіру және ғылыми жобаларды өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағыттау бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.