Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің іргелі факультеттерінің бірі – Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде бітіруші түлектерге диплом табыстау салтанаты өтті.
Тарихы тереңнен бастау алатын факультет алғашында Филология және география факультетінің құрамында ашылып, бүгінде гуманитарлық, педагогикалық, әлеуметтік және өнер бағыттары бойынша бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар даярлайтын іргелі білім ордасына айналды. Осы жылдар ішінде факультет мыңдаған кәсіби ұстазды, журналисті, тарихшыны, дизайнерді және өнер саласының мамандарын тәрбиелеп, елдің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Биыл факультетті 224 түлек тәмамдады. Оның ішінде 19 түлек үздік диплом иегері атанса, 18 магистрант магистр дәрежесін иеленіп, ғылым жолындағы алғашқы белесін бағындырды.
Салтанатты диплом табыстау рәсіміне университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, бітіруші түлектер, олардың ата-аналары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Бұл күн бірнеше жылдық табанды еңбек пен ізденістің нәтижесі қорытындыланған, жас мамандардың үлкен өмірге қанат қаққан ерекше әрі тарихи сәтіне айналды.
Диплом тапсыру салтанаты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің еліміздің жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерге арналған бейнеқұттықтауымен басталды.
Мерекелік жиында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Ералыұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас түлектерге ақ жол тіледі. Ол өз сөзінде Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің өңір мен елге сапалы білім алған, білікті кадрлар даярлаудағы маңызды рөлін атап өтіп, түлектердің кәсіби даярлығы мен азаматтық жауапкершілігі қоғамның дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Салтанатты жиынға арнайы қатысқан ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры, Жұмекентанушы, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмасбек Ахметбекұлы да бітіруші жастарға ақжарма тілегін арнады. Ол түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтап, ел игілігі жолында адал еңбек етіп, кәсіби шеберліктерін ұдайы жетілдіріп, биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар құрметті қонақ дипломдарды салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысып, жас мамандарға дипломдарын табыс етті.
Тарихшы-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымұлы түлектерді диплом алуымен құттықтап, оларға ақ жол тілеп, білім мен еңбектің әрдайым биік белестерге жетелейтінін атап өтті.
Салтанатты кеш барысында магистранттар мен үздік диплом иегерлері марапатталып, факультеттің қоғамдық, ғылыми және шығармашылық өміріне белсенді араласқан түлектерге университет басшылығы мен өңірдегі бірқатар мемлекеттік мекемелердің атынан Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар оқу жылдары түрлі республикалық олимпиадалар мен халықаралық байқауларда жеңіс тұғырынан көрінген, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан студенттердің жетістіктері ерекше аталып өтті.
Жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, факультеттің өнерлі студенттері мен түлектері әсем әндерін тарту етті. Салтанатты кеш естелік суретке түсумен аяқталып, жас түлектерге үлкен өмір жолында сәттілік пен толағай табыстар тіленді.