Media resources
Педагогикалық менеджмент және цифрлық трансформация тақырыбында республикалық ғылыми семинар өтті
News

Педагогикалық менеджмент және цифрлық трансформация тақырыбында республикалық ғылыми семинар өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұржауған Жұмашеваның 70 жас мерейтойына арналған «Заманауи білім беру кеңістігіндегі педагогикалық менеджмент және цифрлық трансформация» тақырыбында республикалық ғылыми семинар өтті.

Ғылыми семинардың мақсаты – қазіргі білім беру кеңістігіндегі педагогикалық менеджменттің өзекті бағыттарын талқылау, цифрлық трансформация жағдайындағы білім беру тәжірибелерімен бөлісу. Семинарға еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары, білім беру ұйымдарының басшылары, оқытушылар, педагог-зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Іс-шараның ашылуында «Нұржауған Сәрсенқызы университет қабырғасында аға оқытушы, декан орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, жас мамандарды даярлауға, студенттерге тәлім-тәрбие беруге және оқу ордамыздың дамуына зор үлес қосты. Ғылыми еңбектері мен әдістемелік жұмыстары педагогика саласының дамуына бағытталған», - деді Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.

Жиын барысында профессор Нұржауған Жұмашеваға ректор Саламат Идрисов "Университет дамуына қосқан үлесі үшін" төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ, салтанатты рәсімнен кейін мерейтой иесінің "Мектепке дейінгі педагогика" атты оқу-әдістемелік құралының  тұсауы кесілді.

Семинар барысында еліміздің түрлі білім беру ұйымдарынан келген ғалымдар, педагогтер мен жас зерттеушілер өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к. Жаннат Сардарова «Жоғары педагогикалық оқу орындарының инклюзивті білім беруді дамытудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасап, инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелерін ортаға салды. Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к. Шолпан Сапарбайқызы «Цифрлық трансформация жағдайындағы академиялық адалдық мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, білім беру үдерісіндегі адалдық қағидаттарының маңызын атап өтті.

Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к. Жанылсын Сабирова «Заманауи басшы үшін эмоционалды интеллектің маңызы» тақырыбында баяндама жасап, басқару жүйесіндегі эмоционалды интеллектінің рөліне тоқталды. Сонымен қатар Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 8D0111 – Педагогика және психология білім беру бағдарламасының 2 курс докторанты Гүлназ Токашова «Университеттік білім беру жүйесінде білім алушылардың академиялық ұтқырлығын педагогикалық-психологиялық қолдау» тақырыбында өз зерттеуін ұсынды.

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушысы, педагог-зерттеуші Назерке Орахова «Инновациялық менеджмент жүйесіндегі Vibe Coding технологиясының рөлі» тақырыбында баяндама жасап, жаңа технологияларды білім беру үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын көрсетті. КМҚК №39 «Ақкөгершін» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Клара  Базарбаева «Балалық шақтың цифрлық палитрасы: білім беру ортасына инновациялық интерактивті ойындар» тақырыбында баяндама жасап, мектепке дейінгі ұйымдардағы интерактивті ойындардың маңызын баяндады. КМҚК №43 «Арман» бөбекжай-бақшасының директоры Гүлбаршын Қарабасова «Мектепке дейінгі ұйымда инновациялық көшбасшылық: басқару тәжірибесі мен даму стратегиясы» тақырыбында баяндама жасап, мектепке дейінгі білім беру ұйымын басқарудағы тәжірибесімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Қуанышбек Ғалым «Білім беру жүйесіндегі SMART-менеджменттің ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасап, заманауи басқару тәсілдерінің білім беру сапасын арттырудағы маңызын атап өтті. Атырау университетінің Білім беру менеджменті ББ 1 курс магистранты Асылзада Ергарина «Цифрлық білім беру кеңістігіндегі педагогикалық менеджмент: мүмкіндіктер мен кедергілер» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық ортадағы педагогикалық менеджменттің артықшылықтары мен өзекті мәселелеріне талдау жасады.

Семинар соңында қатысушылар баяндама тақырыптары бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.