Media resources
Олжас Сүлейменовтің антиядролық мұрасы насихатталды
News

Олжас Сүлейменовтің антиядролық мұрасы насихатталды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақтанның еңбек ері, Халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, «Невада-Семей» қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығы мен Семей ядролық полигонының жабылуына 35 жыл толуына орай «Ядролық қарусыздандыру және қазіргі әлем» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. 
Конференцияда алғашқы болып Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов сөз алып, Қазақстан аумағында жүргізілген ядролық сынақтардың тарихы мен оның халыққа тигізген зардаптары туралы баяндады. 
Жиын барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, т.ғ.к. Жан Көшербаев «Семей полигонынан жаһандық антиядролық дипломатияға дейін: Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудағы рөлі» тақырыбында онлайн баяндама жасап, еліміздің бейбіт бастамалары халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын атап өтті. Ал ф.ғ.к. Қайрат Жаңабай Олжас Сүлейменовтің адамзат өркениеті жолындағы идеялары мен рухани мұрасын кеңінен сөз етті. 
Конференцияда Тайсойған сынақ полигоны мәселесі де назардан тыс қалмады. ҚР Президенті жанындағы Адам құқын қорғау орталығының Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов Тайсойған полигонының өңір экологиясына әсері туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Семей ядролық сынақ полигонының ардагері Мұрат Бектенов «Невада – Семей» қозғалысының ядролық жарылыстарға қарсы халықаралық күрестегі орны туралы мазмұнды ой бөлісті. 
Жиында г.ғ.к., профессор-эколог Махамбет Джексенов Семей және Азғыр ядролық сынақ полигондарының өткені мен бүгінгі экологиялық ахуалына тоқталып, ядролық мұраның салдарын ғылыми тұрғыда талдады. Ал Сүйіндік селолық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыгерей Сейтханов Азғыр сынақ полигоны жөніндегі ойларымен бөлісті. 
Шара аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, т.ғ.д. Сайпулла Сапанов Олжас Сүлейменовтің Семей полигонын жабудағы тарихи рөлі мен оның зиялы тұлға ретіндегі ұстанымдары туралы баяндады. Сондай-ақ Атырау облысы Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Білім Қаршыға ұйымның бүгінгі қызметі мен ардагерлерді қолдау бағытындағы жұмыстары жөнінде ақпарат берді. 
Конференция соңында қатысушылар ядролық сынақтардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізген зардаптарын тағы бір мәрте атап өтіп, бейбітшілік пен ядролық қарусыз әлем құру жолындағы бастамалардың маңыздылығын айтты. Шара пікір алмасумен қорытындыланып, қатысушылар естелік суретке түсті.