Media resources
Атырау университетінде Конституцияның маңызы мен құқықтық мәдениет мәселелері талқыланды
News

Атырау университетінде Конституцияның маңызы мен құқықтық мәдениет мәселелері талқыланды

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде  Қазақстан Республикасының Конституциясына арналған «Конституция – мемлекеттіліктің іргетасы» атты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті.

Жиынды Х. Досмұхамедұлы  атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов ашып, Конституцияның мемлекет өміріндегі стратегиялық маңызына тоқталды. «Біз Қазақстан Республикасының Конституциясына арналған аса маңызды ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстелге жиналып отырмыз. Конституция – мемлекеттіліктің іргетасы, құқықтық жүйеміздің өзегі, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің басты кепілі. Елдің даму бағыты, мемлекеттік биліктің құрылымы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары – барлығы осы Негізгі заңда айқындалған», - деді ректор.

Дөңгелек үстел аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев еліміздегі демократиялық өзгерістер мен құқықтық реформалардың барысы туралы баяндады. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен ашық қоғам қалыптастырудағы Конституциялық нормалардың атқаратын рөлін ерекше атап өтті.

Іс-шара аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Айнұр Енсегенова баяндама жасап, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мен қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.

Дөңгелек үстелдің баяндамалар бөлімінде қоғамның ең өзекті құқықтық мәселелері жан-жақты талданды.  Амангелді Абдолов адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және отандық жүйелеріне тоқталып, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау жолдарын түсіндірді. Динара Жәмшебай заң үстемдігін қамтамасыз етудегі прокуратура органдарының шешуші рөлі мен құқықтық қадағалаудың маңызын атап өтті.

Меруерт Музатова мемлекеттіліктің конституциялық негіздері мен Негізгі Заңның қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы айрықша орнын ашып көрсетті. Жанна Шаяхметова азаматтық бостандықтардың құқықтық арқауы мен қоғамдағы құқықтық сана мен жауапкершіліктің өзара байланысын ғылыми тұрғыдан негіздеді. Сондай-ақ, заманауи жаһандық қауіп-қатерлер де назардан тыс қалмады. Полиция капитаны Даурен Муханбеталиев қазіргі қоғамның дертіне айналған интернет-алаяқтықтан сақтанудың нақты жолдарын түсіндірсе, университет студенті Еламан Сейлханов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жаңа заңнамалық бағыттар мен цифрлық құқықтың даму үрдістерін таныстырды. 
 Шара барысында Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің дамуына, отандық ғылым мен білімнің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар оқытушылар мен қызметкерлер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапаттарымен марапатталды:
 «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі: Суингарина Тамара Мұқанқызы.

«Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі: Аймұратов Сағынгерей Болатқалиұлы және Дауткулова Ақмарал Қалиярбекқызы.

 ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы Рахметов Мақсот Елеусізұлы, Қалауова Алтынай Салыхқызы, Жұматова Гүлшат Ғабитқызы.

Министрліктің Алғыс хаттымен  Рахметова Майрагүл Тілепқызы, Бақытова Айдана Жанатқызы, Джуманова Клара Демеуқызы, Бағытова Қаламқас Бағытқызы, Шамшиденова Самал Саламатқызы.

 «Ғылым үздігі» құрметті дипломы Бердигужин Лесқали Базарғалиұлы және Дүйсегагалиев Мұхит Жоламанұлы марапатталды.

Сондай-ақ, шара соңында Бейбіт Мамраев университеттің ғылыми кітапхана қызметкерлерін және дөңгелек үстелге қатысқан қонақтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтады.