Ғылым мен білімге арналған ғұмыр
X. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде география ғылымы мен білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, география ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрғалиева Гүлшат Жалғабайқызының мерейлі 70 жасына арналған «Аймақтық зерттеулердің өзектілігі мен болашағы» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Жиынға еліміздің жетекші ғалымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, мерейтой иесінің ғылым мен білім саласына қосқан үлесін жоғары бағалады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, география ғылымдарының докторы, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы А.Р. Медеу, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің география ғылымдарының докторы, профессор Қ.Т. Сапаров, география ғылымдарының кандидаты, профессор А.М. Сергеева, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Е.А. Тоқпанов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты С.Қ. Қасенов және басқа да ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасап, құттықтау лебіздерін білдірді.
Іс-шара барысында профессор Гүлшат Жалғабайқызының ғылыми еңбегі – «Атырау облысының табиғи және антропогендік ландшафтары» атты кітабының тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылды. Сонымен қатар ғалымның ғылым мен білім беру саласына қосқан зор үлесі ескеріліп, Х. Досмұхамедов атындағы төсбелгімен салтанатты түрде марапатталды.
Семинарда аймақтық зерттеулердің өзекті мәселелері, Атырау өңірінің геоэкологиялық жағдайы, топонимдердің қалыптасу ерекшеліктері және тұрақты даму бағыттары талқыланды.
Нұрғалиева Гүлшат Жалғабайқызы – география ғылымы мен білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Оның ғылыми еңбектері аймақтық география, табиғатты пайдалану және экологиялық мәселелерге арналған. Ғалымның 40-тан астам ғылыми еңбегі жарық көрген, оның ішінде монографиялар мен оқу құралдары бар.
📷 Дополнительные изображения