Фатима Балғаеваның 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті
Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Фатима Балғаеваның 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Қазақстанның халық әртісі, кәсіби қобыз орындаушылық өнерінің негізін қалаушының шығармашылық мұрасын жаңғыртуға бағытталған бұл шара жас ұрпаққа оның қазақ музыкасына қосқан өлшеусіз үлесін танытуды мақсат етті.
Іс-шара барысында музыканттың өмірі мен еңбек жолы туралы деректер айтылып, оның орындаушылық мектебінің ерекшеліктері кеңінен сөз болды. Кеш «Музыка және өнер» кафедрасының аға оқытушысы Г.Қ. Джуматаеваның кластық концертімен жалғасты.
Сахнада жас қобызшылар кәсіби шеберліктерін көрсетіп, Фатима Балғаеваның репертуарындағы таңдаулы туындыларды орындады. Атап айтқанда, Ықылас Дүкенұлытың «Жез киік» күйі мен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар Евгений Брусиловскийдің «Бозайғыр» сюитасы, Ахмет Жұбановтың «Романсы» мен «Ариясы» арқылы аспаптың кең мүмкіндіктері паш етілді. Ә. Қазақбаевтың «Фатима сарыны» мен Қ. Шілдебаевтың «Отан – Ана» туындылары да жас таланттардың орындауында жаңаша сипатта шырқалды. Бұған қоса, батыс классикасынан Даниэль ван Гоэнстің «Скерцо» шығармасы орындалып, қобызшылар ансамблі халық әндерінен попурри ұсынды.
Жас музыканттар жеке, дуэт және трио құрамында өнер көрсетіп, кәсіби қобыз мектебінің сабақтастығын айқын көрсетті. Кеш соңында қатысушылар мен ұйымдастырушылар ұлттық өнерді насихаттаудың маңыздылығын атап өтіп, тағылымды әсер алғандарын жеткізді.
📷 Дополнительные изображения