Media Image

24 April 2025

24 Сәуір - Халел Досмұхамедовтың туған күні

Бүгін – халқымыздың біртуар перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері, энциклопедист - ғалым, профессор, жерлесіміз Халел Досмұхамедовтың туған күні. Ол 1883 жылы 24 сәуірде Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Тайсойған өңірінде дүниеге келген.
Халел Досмұхамедов – қазақ халқының рухани дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ол медицина, тіл білімі, әдебиет, тарих, этнография, биология салаларында еңбек етіп, ұлттың ғылымы мен мәдениетін дамытуға атсалысты. Алаш Орда үкіметінің мүшесі ретінде елдің тәуелсіздігі жолында күрескен қайраткер болды.
Ғалым ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, әдебиетші, педагог, табиғаттанушы және ағартушы, Ресей ғылым академиясының Өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі, профессор, Қазақстандағы денсаулық сақтау, жоғары мектеп пен баспа ісінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болды.
Бүгінде Алаш қайраткерінің есімімен Атыраудағы жетекші оқу орны – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті аталады. Оқу орны ұлт зиялысының мұрасын дәріптеп, жастарды білім мен ғылымға баулуда.
Ұлттың болашағы үшін аянбай еңбек еткен Халел Досмұхамедовтың рухына тағзым етеміз. Оның өнегелі өмірі мен еңбегі – мәңгілік ел жадында.