Media Image

20 қараша 2024

«Поэзия падишасы – Фариза» атты ақындармен кездесу кеші

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойына орай жоспарланған іс-шаралар легі Фариза ақынның көзін көрген, өнер жолында ақ батасын алған Жанат Әскербекқызы, Танагөз Ілиясова, Ғайни Әлімбекқызы, Эльмира Сәрсенбайқызы сынды ақындармен кездесу кешінен бастау алды.
  Жанға рухани азық болар әдеби кешке «Көптілді білім беру» факультетінің деканы М.К.Аманғазиева, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Ж.М. Абдрахманова мен оқытушылары және «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтарының студенттері белсене қатысты. Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, жастардың ізденіп оқитын ақындарының шығармашылығымен таныстыру мақсатында Ж.М.Абдрахманова кездесу кешін ашып берді.
  Ақын, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы Жанат Әскербекқызы сөз бастап, ақындық жолындағы жылы естеліктерімен бөлісе отырып, Фариза Оңғарсынованың шығармашылық жолда көрсеткен ықпалын атап айтты. Ақынның кең жүректілігін, жиындарда дүйім жұртты қағыта сөйлеп, кез келген жыр жазамын деген жасқа ақ батасын беріп, алға жетелейтінін ерекше ризашылықпен еске алды.
  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы журналистика саласындағы қызықты оқиғаларымен бөлісіп, жалынды жырларын паш етті.
  «Болашақ» стипендиясының иегері, «Қазақтың ақын қыздары» атты республикалық мүшәйраларда бас жүлденің иегері, Артығали Ыбыраевқа арналған республикалық мүшәйрада , халықаралық «Шабыт» фестивалінде және «Менің атым - Махамбет» атты телемүшәйраларда жүлделі орын алған, ТМД мемлекеттері арасындағы «Дебютанттар достастығы» атты халықаралық поэязия конкурсының лауреаты, ҚР президенттік және мемлекеттік стипендияның иегері Танагөз Ілиясова алғашқы өлеңінің Республикалық «Пионер» журналына басылған кездегі оқиғасымен бөлісе отырып, көрермен студенттердің жанын елітіп лирикалық өлеңдерін оқыды.
  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, жазушы Эльмира Сәрсенбайқызы шабыт келген кездегі ақындардың жай-күйін сөз етіп, сол шақтарда туған «Сергелдең» өлеңін жолдады.
  Студенттер әрі ғалым, әрі журналит, әрі ақын тұлғаларымен кездесу бұйырғанына қуанышты екендерін жеткізіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. «Филология» мамандығының 1 курс студенті Болатбек Малика Жанат Әскербекқызына өзі сүйіп оқитын «Қара гүл» атты өлеңінің шығу тарихы туралы сұрады. Ақын жастық шақта жазылған өлеңіне бейтаныс жанның моншақтай болған көздеріндегі жылт еткен жалынның әсер еткендігін айтып, «Өлеңнің құдіреті сол, оны алдауға болмайды. Ақын жаны кез келген дүниеден шабыт алуы мүмкін» деді. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Қуандық Қарақат «Фариза ақын «Жыр жазу деген – азап, от, Әйел боп туған болмысқа» деп жырлайды. Әйел адамға, әйел болмысқа ақын болудың қиындығы бар ма?» деген сауал қойды. Қонақ ақындарымыз бұл туралы өз ойларымен бөлісіп, ақындық өнердің абыройлы, құрметті екенін айта отырып, қызығы мен шыжығы қатар жүретінін де қоса жеткізді. Ақын студенттеріміз белгілі ақын тұлғалардың алдында өлең оқудың өзі бір ғанибет екенін атап өтіп, өздерінің туындыларын оқыды.
  Қазақтың белгілі ақын қыздары студенттердің құлшынысына риза болып, жүрек жарды тілектерін жаудырды. Студенттердің көңіл көкжиектеріне әсер еткен, рухани нұрландырған кездесу жоғары деңгейде өз мәресіне жетті.

 

«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының оқытушысы

Камелова Милена Саматқызы