Media Image

4 сәуір 2025

«Аутист балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің әдіс-тәсілдері» атты аймақтық форум өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай «Аутист балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің әдіс-тәсілдері» атты аймақтық форум өтті.

Аутизмі бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің тиімді әдіс-тәсілдерін талқылау, инклюзивті білім беру мен арнайы педагогиканың өзекті мәселелерін қарастыру мақсатында ұйымдастырылған форумға батыс аймағының жетекші ғалымдары мен педагогтары, логопед-дефектологтар, практик мамандар мен білім алушылар қатысты.

Шарада М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры Кеңес Нұрғалиев, Иппотерапия ғылыми жұмыстарының авторы, «Маленькая страна» жобасының негізін қалаушы Ерлан Күмісқалиев, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті педагогика кафедрасының аға оқытушылары Гаухар Жолдыбаева мен Айгерім Шарипова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті психология және педагогика кафедрасының аға оқытушысы Жанар Бекжанова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к. Мейрамгүл Есенғұлова, «SOILE BALAQAI» логопедиялық түзете дамыту орталығының негізін қалаушы Асия Тәжбентай, Логопедия білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Нұрайна Мейрамғалиева сынды спикерлер мазмұнды баяндамалар жасады.

Аутизм спектрінің бұзылысын түзетуге арналған АВА терапия туралы «Аутизм спектрінің бұзылысын түзетуге бағытталған кез-келген әдіс-тәсілдердің негізгі мақсаты - баланың өмір сүру сапасын жақсарту, сонымен қатар, білім алуға және тәуелсіз өмір сүруге кедергілерді жоюға мүмкіндік беретін дағдыларды игерту. Осы аталған мақсаттарға қол жеткізуде нәтижелі әрі қолданбалы әдістің бірі - АВА терапиясы. АВА терапиясы - бұл мінез-құлық технологиялары мен оқыту әдістеріне негізделген қарқынды оқыту бағдарламасы. АВА ғылыми пән ретінде қоршаған ортадағы факторлардың мінез-құлыққа әсерін зерттейді және адамның мінез-құлқын өзгерту үшін осы факторларды басқарады», - деді аға оқытушы Жанар Бекжанова.

Форум барысында аутизмі және эмоциялық-сөйлесу бұзылыстары бар балаларға арналған әдістер, сенсорлық интеграция тәсілдері талқыланып, арнайы жаттығулардан мысалдар көрсетілді.

Балаларда сенсорлық интеграцияның бұзылысы туралы баяндамасында «Ата-аналардың, педагогтардың, реабилитация мамандарының негізгі мақсаты - нерв жүйесінің нейропластикалық қабілетін пайдаланып, баланың сенсорлы аппарат арқылы сезімталдығын дамытып, мидың компенсаторлы механизмін ояту, сол арқылы баланың танымдық қабілеттерін және эмоционалды ерік-жігер қабілеттерін ашу. Сенсорлы жүйе жұмысы өмір сүру үшін маңызды, себебі ол бізді қоршаған ортада бағытты анықтауға, қауіп-қатерді байқауға, өз өмірін сақтауға, ас, тамақ табуға, қоршаған адамдармен араласуға ықпал етеді», - деді логопед-дефектолог Асия Тәжбентай.

Форум соңында логопедия мамандығының студенттері арнайы сахналық қойылым көрсетіп, қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.