Media Image

12 наурыз 2025

“Эко-Әлем” экологиялық клубы құрылды

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық акциясын қолдау мақсатында табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған “Эко-Әлем” клубының таныстырылымы өтті.

Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды жүзеге асыру, экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосу және ғылыми зерттеулерді қолдау мақсатында құрылған экоклубтың таныстырылымына университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, экобелсенділер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Клубтың таныстырылымында «Атырау университетінде экология кафедрасы жанында белсенді студенттер қатысатын экоүйірме болатын. Осы үйірмеге мүше экобелсенді және ерікті студенттер Атырау өңірі бойынша экологиялық мәселелерді шешуге көмектесіп жүр. Аталған экоүйірме жұмыстары тек кафедра шеңберінде қалып қоймасын деп экоклуб етіп құруды жөн көрдік. Қазіргі уақытта «Эко-Әлем» жаңа клубының 30-ға тарта мүшесі бар. Осы клубқа студенттерден бөлек, ғалымдарды, профессор-оқытушыларды, журналисттерді тартуды көздеп отырмыз. Клубтың жылдық жоспары бекітілді. Клубтың айқындалған мақсаттарының ішінде ең негізгісі – экологиялық мәдениетті қалыптастыру»,-дейді Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Қойшығұлова.

Шара барысында жүзеге асқан «ECOCAMPUS» және «Қолданбалы экология» білім беру бағдарламасының студенттері Дильназ Досмұхамбетова пен Дмитрий Уарчевтың қамыс пен тамақ қалдықтарынан өндірілген «Фитотері» және Ақмарал Сағынғалиева, Жамила Ахмадиева, Шұғыла Аманкелді және Іңкәр Мұқанованың авторлығымен «Шыны қалдықтарын пайдалана отырып, эпоксидті шайырдан бұйымдар жасау» жобалары таныстырылып, клубтың алдағы жоспарлары талқыланды.

«Фитотері» жобасының авторлары фитоқабаттың өндірісі туралы «дәстүрлі былғары терінің биоыдырауға ұшырайтын баламасы – фитотеріні алғаш рет Қазақстанда біз ойлап таптық. Еліміздегі экологиялық проблемалардың ішіндегі ауқымдыларының бірі – қоқыстарды өңдеу. Аталған фитотеріні алу үшін тамақ қалдықтарын, атап айтқанда, апельсин мен бананның қабықтарын пайдаландық. Сонымен қатар, Атырау өңіріндегі жазғы уақыттағы қамыстың өртке орануы да экологияға айтарлық зиянын тигізуде. Осы қамыстың қалдықтарын да фитоқабатты жасауда қолдандық. Биоыдрауға ұшырайтын фитотеріні алдағы уақытта картхолдер, сөмке, әмияндар жасауда пайдалануды көздеп отырмыз», - дейді Қолданбалы экология мамандығының 2 курс студенті Дильназ Досмұхамбетова.

«Экологиясы кафедрасы қалыптасқан 20 жыл ішінде студенттеріміз әртүрлі экологиялық ғылыми жобалар жасап, олимпиадаларға қатысып жүр. Осы уақытқа дейін кафедра мен «ECOCAMPUS» екі бөлек жұмыс жасап келді. Ал енді жасалатын жұмыстардың басы біріктіріліп, экоклуб құрылды. Экологиялық бағыттағы жұмыстар тек экологтардың емес, жалпы адамзаттың, әр азаматтың ат салысуы қажет дүние. Экологиялық сананы қалыптастыру қажет»,- дейді Экология кафедрасының меңгерушісі Мансия Есенаманова.

Іс-шара соңында қатысушылар экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты аялау және қоғамды экологиялық белсенділікке тарту жолдары туралы пікір алмасты.