Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Eco Qyzdar» жобасы аясында экология саласының мамандарымен кездесу өтті. Іс-шараға университетіміздің бірінші курс студенттері қатысты.
Кездесудің мақсаты — студенттерге эколог мамандығының қыр-сырын түсіндіру, студент қыздардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және қоршаған ортаны қорғау саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің тәжірибесін таныстыру.
Іс-шараны «Қолданбалы экология» білім беру бағдарламасының төртінші курс студенті Дильназ Досмұхамбетова ұйымдастырды. Ол қатысушыларға «Eco Qyzdar» жобасын таныстырып, оның негізгі мақсаттарын түсіндірді. Кездесуді Экология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Анар Тлепбергенова жүргізді.
Арнайы қонақ ретінде АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің түлектермен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі Айнұр Сембаева мен жоғары білім беру мәселелері жөніндегі маманы Ажар Кабдулинова шақырылды. Кездесуде халықаралық білім беру бағдарламалары мен көшбасшылық қабілетті дамыту мүмкіндіктері де сөз болды.
NCOC компаниясының мұнай төгінділеріне ден қою және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі маманы Гульсаят Габдулова мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ол өндірістегі экологиялық қауіпсіздік талаптары мен мұнай төгілген жағдайда атқарылатын жұмыстар туралы әңгімеледі. Ал эколог Эльмира Есқайыр өз мамандығының күнделікті міндеттерін түсіндіріп, экологиялық мәселелерді шешуде мамандардың қандай жұмыс атқаратынын баяндады.
NCOC компаниясының жетекші инженері Bhaskar Magesh өндірісте қолданылатын цифрлық технологиялар туралы айтып, инженерлік қызмет пен қоршаған ортаны қорғаудың байланысына тоқталды.
Кездесу барысында студенттер мамандарға сұрақ қойып, болашақ кәсібі туралы пікір алмасты. Олар экология саласындағы жұмыс бағыттарымен танысып, білімін жетілдіру және кәсіби тәжірибе жинау мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.