Media resources
АТЫРАУ – ГДАНЬСК: СТУДЕНТТЕР ҚОС ДИПЛОМ БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ОҚИДЫ
News

АТЫРАУ – ГДАНЬСК: СТУДЕНТТЕР ҚОС ДИПЛОМ БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ОҚИДЫ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті халықаралық білім беру мүмкіндіктерін арттырып келеді. Оқу орны Польша республикасының Гданьск туризм және қонақ үй менеджменті академиясымен (WSTiH) қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосты.
Қос диплом бағдарламасының мақсаты – Қазақстан мен Польша арасындағы академиялық байланысты нығайту, студенттердің халықаралық білім алуына жағдай жасау және болашақ мамандардың кәсіби мүмкіндіктерінің аясын кеңейту. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектер алған білімі мен халықаралық тәжірибесін Қазақстанда және Еуропа елдерінде кәсіби тұрғыда қолдана алады.  «Қос диплом бағдарламасының іске қосылуы – студенттеріміздің халықаралық деңгейде білім алуына берілген үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда Польшаға оқуға барғысы келетін студенттер арасында іріктеу жүргізіп жатырмыз. Ағылшын тілін меңгерген 8 студент үміткер атанды», – деді география және туризм кафедрасының меңгерушісі Асемгүл Мұстафина. 
Бүгінде аталған кафедрада 200-ге жуық студент білім алады. Олар бакалавриат деңгейінде 5, магистратурада 1 білім беру бағдарламасы бойынша оқытылады. Соңғы екі жылда академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында кафедраның 6 студенті Польшада, 4 студенті Түркияда, 1 студенті Эстонияда білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтап келген.