Media resources
ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРГЕ КӨШІ-ҚОН ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
News

ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРГЕ КӨШІ-ҚОН ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде шетелдік студенттердің көші-қон қызметінің өкілдерімен кездесуі өтті. Жиынның негізгі мақсаты – шетелдік білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру.

Кездесуге университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Рахметолла Закарья, Атырау қаласы Полиция басқармасы Көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы Айзада Құттыбаева, «Новруз» әзербайжан этномәдени бірлестігінің өкілі Эльдар Ахмедов, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ләззат Джылкышева және қарақалпақ этномәдени бірлестігінің өкілі Шеткін Қуатбайұлы қатысты.

Жиын барысында шетелдік студенттерге Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болу тәртібі, көші-қон құжаттарын рәсімдеу талаптары, тұрғылықты жері бойынша тіркелу мерзімдері және қолданыстағы заңнама нормалары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ шетел азаматтарының құқықтары мен міндеттері, құжаттарды уақытылы рәсімдеудің маңызы және көші-қон ережелерін бұзудың алдын алу мәселелері сөз болды.

Мамандар студенттерге Қазақстан аумағында жүрген кезде заң талаптарын сақтау, жеке құжаттарының жарамдылық мерзімін бақылау және тиісті мәліметтерді университеттің жауапты қызметкерлеріне уақытында хабарлау қажеттігін еске салды.

Бүгінде Атырау университеті әлемнің 80-ге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық білім беру кеңістігіндегі байланыстарын жүйелі түрде нығайтып келеді. Шетелдік білім алушыларға сапалы білім берумен қатар, олардың жаңа ортаға бейімделуіне, құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз білім алуына қолайлы жағдай жасау – университет қызметінің маңызды бағыттарының бірі.

Жиын ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауапты мамандардан нақты әрі толық ақпарат алды. Осындай кездесулер шетелдік білім алушылардың еліміздің заңнамасын дұрыс түсінуіне, университет өміріне белсенді араласуына және Қазақстандағы оқу кезеңін алаңсыз өткізуіне мүмкіндік береді.