Media Image
26.01.2026 11

Мемлекеттік білім беру гранты бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде мемлекеттік білім беру гранты мәселелеріне арналған бітіруші курс студенттерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығына енгізілген өзгерістерге және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 20 қазандағы №485 бұйрығымен, Қазақстан Республикасы Жоғары есеп палатасының ескертулері ескеріле отырып, Қағидалардың жаңа редакцияда бекітілуіне байланысты ұйымдастырылды.

Іс-шара Мансап және тәжірибе офисінің ұйымдастыруымен өтті. Кездесу барысында офис жетекшісі Бахыткүл Насанбековна мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған жас мамандар мен магистранттар үшін белгіленген міндетті грантты өтеу қағидалары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Талқылау кезінде мемлекеттік грант есебінен білім алған түлектер үшін қарастырылған үш жылдық міндетті жұмыс істеу талаптары, жұмысқа орналастыру тетіктері және осы үдерістің ерекшеліктері сөз болды. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті грантты өтеуден босатылуы мүмкін жағдайлар түсіндірілді.

Кездесу барысында түлектер үшін маңызды жаңалықтардың бірі – жұмыс орны туралы мәліметтерді ұсыну тәртібінің жеңілдетілгені атап өтілді. Енді бұл ақпарат «Электрондық үкімет» порталы арқылы 1414 нөмірінен жіберілетін смс-хабарламалар негізінде автоматты түрде алынатын болады, бұл әр алты ай сайын анықтама тапсыру қажеттілігін жояды.

Іс-шара соңында студенттердің сұрақтарына жауап беріліп, мемлекеттік білім беру грантын өтеуге қатысты қажетті ақпараттар ұсынылды.