Media Image
22.10.2025 14

«Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы, заманауи білім мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде КСРО Халық мұғалімі, Атырау облысының Құрметті азаматы, Атырау университетінің Құрметті профессоры Құсиын Айтқалиевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы, заманауи білім мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның бірінші бөлімінде «Қ.Айтқалиұлының әдістемелік мұрасы, педагогикалық идеялары және ұстаздық жолы», «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби дамуына ықпал еткен Құсиын Айтқалиұлы тағылымы», «Заманауи білім беру мен тәрбие: өзекті мәселелер және адал азамат тұлғасы» және «Edtech дәуіріндегі педагог: цифрлық трансформация және кәсіби даму» бағыттары бойынша секциялар жұмыс істеді.

Конференцияның пленарлық отырысын облыстық білім және ғылым қызметкері кәсіптік одағының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы жүргізіп, онда Атырау облысы бойынша кәсіби даму институты директоры Маржан Галимжанова, ғалым, абайтанушы, Назарбаев университеті Ұлттық мәдениет орталығының басшысы Гүлтас Құрманбай, белгілі ғалымдар Шахман Нағимов, Аққали Ахмет және басқалары сөйлеп, халық ұстазы атанған атақты педагог, тәлімгер Құсиын Айтқалиев тұлғасы, ол кісінің педагогикалық мектебі мен әдіснамасы туралы айтып, шарада көтерілген тақырыптар мен мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салды. Атырау қаласындағы Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің мұғалімі Ақшолпан Айтқали әкесі жайындағы жылы естеліктерімен бөлісті.

Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет Қ.Айтқалиев төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйла Қойшығұлова професссор, педагогика ғылымдарының докторы Гүлтас Құрманбайға Атырау университетіне 85 жыл толуына арналған мерекелік төсбелгіні тарту етіп, ректор С.Идрисов атынан Алғыс хат табыстады.