Медиа ресурсы
Университетте Жас сайлаушылар аудиториясы ашылды
Новости

Университетте Жас сайлаушылар аудиториясы ашылды

Бүгін Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Жас сайлаушылар аудиториясының ресми ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бақыт Өмірханұлы Алтынбасов, профессор-оқытушылар құрамы, Атырау облыстық және Атырау қалалық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, Жас сайлаушылар клубтарының өкілдері, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жас сайлаушылар аудиториясы университеттің Экономика және құқық факультетітінде ашылды. Аудиторияның негізгі мақсаты – студенттер мен жастарға сайлау заңнамасын түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сайлау мәдениетін қалыптастыру және азаматтық белсенділігін дамыту.

Салтанатты рәсім барысында университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бақыт Өмірханұлы Алтынбасов пен Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Баянқызы Қыстаубаева қызыл лентаны қиып, аудитория жұмысын ресми түрде бастады.

Өз сөзінде Бақыт Өмірханұлы жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда және олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуында мұндай бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті. Ал Әсия Баянқызы жас сайлаушылардың сайлау үдерісіне саналы әрі белсенді қатысуы демократиялық қоғам дамуының маңызды көрсеткіші екенін жеткізді.

Іс-шара аясында Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының Жас сайлаушылар клубтарының жұмысын үйлестіруге жауапты мүшесі Жалғас Амангелдіұлы Халелов жастарға арналған ақпараттық таныстырылым өткізді. Презентация барысында сайлау құқығы, сайлау үдерісіне қатысу тәртібі және жастардың электоралдық мәдениетін арттыру мәселелері қамтылды.

Жас сайлаушылар аудиториясының ашылуы – университет студенттерінің құқықтық білімін кеңейтуге, сайлау мәдениетін қалыптастыруға және жауапты азамат ретінде дамуына бағытталған маңызды қадам.