Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Әскери кафедрасын запастағы офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша бітіруші студенттер Әскери Ант қабылдады.
Салтанатты шараға ҚР Қарулы Күштер ардагерлерінің Атырау облысы бойынша төрағасы запастағы полковник А.Шманов, Ауған соғысы ардагерлерінің Атырау облысы бойынша филиалы төрағасы орынбасары запастағы майор Т.Шакиров, ҚР ҚМ "Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасы" бастығы подполковник Қ.Жунисбеков, студенттердің ата-аналары қатысты.
Алғаш болып сөз алған Әскери кафедра бастығы, запастағы полковник Р.Наурзбеков Әскери Анттың маңыздылығы туралы баяндап, Ант беру - бұл өз еліне, жеріне, халқына шексіз қызмет етуге серт беру екендігіне тоқталды. Әскери Ант - жай ғана сөздер жиынтығы емес, бұл - Отанға деген адалдықтың, ерлік пен ар-намыстың белгісі екендігін тілге тиек ете, студенттерге Отанымыздың дамуына үлес қосатын білікті маман әрі нағыз патриот болатындарына сенім артты.
Әскери Ант рәсімінен соң шақырылған қонақтар сөз алып, кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде қосқан үлесі үшін ардагерлер қоғамының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты шара соңында жас сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдері мен дефиле көрсетіп, жиынға қатысушылармен естелік суреттерге түсті.