
11 апреля 2025
Атырау университетінде фактчекиң бойынша оқыту тренингі өтті
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде MediaNet Халықаралық журналистика орталығының ұйымдастыруымен «FactCheck Dive Basics» атты офлайн тренингі өтті. Үш күнге созылған курсқа Атырау университетінің оқытушылары мен журналистика білім беру бағдарламасының студенттері, Атырау облысының аудандары мен Ақтау қаласынан келген медиа саласының өкілдері қатысты.
Медиадағы жалған ақпаратпен күресу, ақпаратты тексеру әдістері мен құралдарын меңгеру мақсатында ұйымдастырылған тренинг қатысушылары фактчекиң негіздері, факт пен пікірді ажырату, ашық дереккөздермен жұмыс істеу, логикалық қателерді анықтау, фото және видео верификациясы, уәделерді тексеру сияқты маңызды тақырыптарды меңгерді. Арнайы практикалық сессияларда курска қатысушылар нақты мысалдармен жұмыс жасап, өз беттерінше фактчекиң мақалаларын жазды.
Атырау университетінің қолдауымен өткен тренингке медиа сарапшылар Думан Смақов, Думан Терлікбаев, Жансерік Тілеухан оқытушы-тренер ретінде қатысып, теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Курстың соңғы күнінде қатысушылар өз жұмыстарын қорғап, кері байланыс алды. Шара қорытындысында қатысушыларға оқу практикасын сәтті аяқтағаны үшін сертификаттар табысталды. Онымен қоса курс қатысушыларына алдағы екі ай көлемінде тәлімгерлік және онлайн қолдау көрсетіледі.