Media Image

27 марта 2025

«Ұлы жеңіс: ерлікке тағзым – жастарға үлгі» саптық әндер байқауы өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ұлы жеңіс: ерлікке тағзым – жастарға үлгі» ұранымен саптық әндер байқауы өтті.

Әскери кафедраның 2-курс оқу взводтары арасында өткен шараның мақсаты – жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтау және әскери дайындық дағдыларын жетілдіру. Саптық әндер байқауына 6 оқу взводы, университет басшылығы, оқытушылар және студенттер қатысты.

Байқау барысында жас сарбаздар саптық жүріс, әскери әндерді орындау және командалық үйлесімділік бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Жарыста І оқу взводы – «Алға, қазақ жігіттері», ІІ оқу взводы – «Атамекен», ІІІ оқу взводы – «Егемен Қазақстан», ІV оқу взводы – «Сарбаздар», V оқу взводы – «Ән сал, сарбаз», VI оқу взводы – «Мен қазақпын» патриоттық рухтағы әндерін шырқап шықты. Әскери рух пен патриотизмге толы әндер көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Іс-шараның марапаттау бөлімінде «Батыс өңіріндегі жоғары оқу орындары арасында алғаш ашылған біздің әскери кафедра болды. Өткен жылы елімізде су тасқыны болғанда әскери кафедра ұжымы мен білім алушыларының қажырлы еңбегінің арқасында өзімізге берілген жерге сапалы бөгет тұрғызу жұмыстарын атқардық. Осындай төтенше жағдайларда елімізді қорғап шығар білікті маман, жүректі ұлан болатындарыңызға сенімдіміз. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өтті, жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!»,- деді Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Қойшығұлова.

Жарыс қорытындысы бойынша:

I орын - V оқу взводы;

ІІ орын - I оқу взводы;

ІІІ орын - IV оқу взводы.

Ұйымдастырушылар бұл шараның жастардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтуға үлкен үлес қосатынын атап өтті. Жеңімпаздар арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды