Media Image

20 марта 2025

Ұстаздың ұлдары – Ұлысты ұлықтауда

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанынан құрылған дарынды балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатында «Ұстаздың ұлдары – Ұлысты ұлықтауда» атты шара өтті.

Әз Наурыз мерекесіне орай ұлттық дәстүр мен өнерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған мерекелік сайысқа «Ұстаз» мектеп-интернатының оқушылары, ата-аналары мен ұстаздары қатысты.

Шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов қатысып, ««Ұстаз» мектеп-интернатын мерекемен құттықтады. «Тәуелсіздік алғаннан кейін ер азаматтар өндірістік салаға кетіп, мектепте әйел мұғалімдердің саны артты. «Ұстаз» мектебін құрғандағы мақсатымыз еліміздің білім саласына қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу болатын. Осы мақсатымыз орындалып, мектептің түлектері өңірімізге оралып қызмет етеді деп сенеміз. Шараға келген барша ата-аналарды, мектеп ұжымын және оқушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын!»,- деді университет ректоры Саламат Идрисов.

Іс-шара барысында сайысқа қатысушылар 7 ауданға бөлініп, әр ауданның өзіндік ерекшеліктерін таныстырып, ұлттық киімдермен сахналық қойылымдар қойды. Өнер кезеңінде қатысушылар күй тартып, дәстүрлі әндер шырқап, көркемсөз оқыды. Сондай-ақ, Наурыздың мәні мен қазақ халқының салт-дәстүрлері бойынша эрудит сайысы ұйымдастырылып, білімділер анықталды.

Нағыз жігер мен күштің сыналар сәті – ұлттық ойындар кезеңінде қатысушылар гір көтеру мен қол күрестен жарысты.

Қазақтың қонақжай дәстүрін дәріптеген тағамдар сайысында әр аудан наурыз көже, бауырсақ, қымыз, ірімшік сынды ұлттық тағамдарын ұсынды.

Шара соңында белсенді қатысушылар марапатталып, ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс айтты. Ұлыстың ұлы күнін бірлік пен ынтымақ мерекесіне айналдырған бұл шара көктемнің шуағын, жаңа жылдың жақсылығын сезіндірді.