
19 марта 2025
19 наурыз – Жаңару күні
Бүгін, Наурызнаманың алтыншы күні – Жаңару күні. Бұл күн табиғаттың түлеп, жаңа өмірге қадам басатын сәті. Жер бетіне алғашқы көк шығып, ағаштар бүршік атқанда, табиғатты аялау – әрбір адамның борышы.
Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Ағаш отырғызу – тек бір өңір үшін емес, бүкіл ел үшін игілікті іс. Жасыл желек көбейген сайын қоршаған орта жақсарып, табиғат жаңара түседі.
Жыл сайын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушылары мен студенттері табиғатқа қамқорлық танытып, ағаш отырғызып, олардың діңдерін әктейді. Бұл шара экологияны жақсартуға үлес қосып қана қоймай, жастардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруды көздейді.
Табиғатты аялау – болашаққа жасалған үлкен қадам. Әрбір отырғызылған тал – келер ұрпаққа қалдырылған баға жетпес мұра. Жаңару күнінде басталған игі дәстүр жыл сайын жалғасын таба берсін.