Media Image

27 февраля 2025

Студент Зейінбек Хамза есептік концертін берді

 

         Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті, республикалық конкурстардың лауреаты Зейінбек Хамзаның «Жігер» атты шығармашылық концертін өткізді.

         Халық аспаптары мамандығында оқитын Зейінбек Хамза – 2004 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Бала жасынан өнерге құштар өрен - ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші Сәлімгерей Бақытғалиұлынан тәлім алған, шебер орындаушы. Ол 2021 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің музыка және өнер кафедрасына оқуға түскен. Ізденімпаз студент 4 жылда қазақ күйшілік мектебінің үздік туындыларынан 100-ден астам шығарманы игеріп, репертуарына қосқан. Концерттік кеште студент Батыс күй мектебінің көрнекті өкілдері Дәулеткерей, Дина, Құрманғазы, Махамбеттің күйлерін, композитор Нұрғиса Тілендиев пен дәулескер күйші Қаршыға Ахмадияровтың шығармаларын орындады. Күйші республикалық студенттік пәндік олимпиадаларға, түрлі шығармашылық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болып, бірнеше мәрте лауреат атанған. 

         Студенттің шығармашылық концертіне Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің деканы Динара Хамидуллина, музыка және өнер кафедрасының меңгерушісі, профессор Ақкенже Шаужанова, күйшінің өнердегі ұстаздары мен ата-анасы, қазақ күйін сүйіп тыңдайтын көрермен қатысты. Сондай-ақ, кеште атыраулық білім ордаларының  өнерпаздары халық аспаптарында түрлі жанрда шығармалар орындады.

 

Дильназ Азидолла

Гүлнұр Утеген

Ырысжан Құмарғали