Media Image
03.04.2026 18

Ғылым мен парасат мерекесі: Профессор Қадыр Жүсіптің жаңа туындылары оқырманға жол тартты

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Ғылым апталығы аясында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Құрметті жазушысы Қадыр Өтегенұлы Жүсіптің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті . Ғылым мен білімнің қара шаңырағында өткен бұл кеште көрнекті ғалымның қаламынан туған «Шапағат ІІ», «Қабиболла Сыдиықов - 90» және «Айжан» атты үш бірдей жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Салтанатты жиынды Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Саламат Идрисов ашып, мерейтой иесінің қазақ ғылымы мен әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.

«Қадыр Өтегенұлы – университетіміздің ғана емес, ұлттық руханияттың мақтанышы. Біз абыз ақсақалымыздың 90 жылдық мерейтойына дайындықты осы оқу жылынан бастап кеттік. Бүгін тұсауы кесіліп отырған еңбектер  ғалымның көпжылдық ізденісі мен шығармашылық қуатының айқын көрінісі», – деді Саламат Нұрмұханұлы.

Тұсаукесер рәсімі аясында таныстырылған әр кітаптың өзіндік маңызы бар:
1.    «Шапағат ІІ»: Университеттің 85 жылдығына арналған бұл жинақ оқу орнының дамуына үлес қосқан белгілі профессор-оқытушылардың өмірі мен ғылыми жетістіктерін баяндайды. Бұл – сабақтастық пен құрметтің нышаны.
2.    «Қабиболла Сыдиықов - 90»: Жинаққа Атырау және Ақтау университеттері ғалымдарының зерттеулері мен Қ.Сыдиықовтың бұрын жарияланбаған құнды қолжазбалары енген. Бұл еңбек әдебиеттану ғылымы үшін таптырмас дереккөз болмақ.
3.    «Айжан»: Бұл туынды Қадыр Жүсіптің шығармашылығындағы жаңа белес - проза жанрының жемісі. Бұған дейін ақын және ғалым ретінде танылған автор бұл жолы оқырманға хикаялар жинағын ұсынып, жазушылық қырын танытты.
Кітаптардың лентасын қию рәсіміне университеттің зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысты. «Шапағат ІІ» кітабының тұсауын ректор Саламат Идрисов пен Асхат Иманғалиев кессе, ғалым Қабиболла Сыдиықовқа арналған еңбекті белгілі журналистер Қаржаубай Сұлтанғалиев пен Хамза Ғабдолла көпшілікке таныстырды. Ал автордың прозалық дебюті «Айжан» кітабының тұсауын Айжанның ата-анасы мен факультет деканы Меруерт Құсайынқызы қиды.
Жиын барысында Бақтыбек Таубаев, Сатқан Есенғалиев бастаған қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің адами қасиеттері мен ұстаздық мектебі туралы жылы лебіздерін білдірді.
Кеш соңында автор Қадыр Өтегенұлы «Айжан» кітабының жазылу тарихына тоқталып, жиналған қауымға ризашылығын білдірді.

📷 Дополнительные изображения