Media Image
11.03.2026 9

Атырау университетінде Батыс Алашорда қайраткері Рахметолла Қаржаубаевқа арналған тарихи-танымдық кездесу өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасы және Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Батыс Алашорда қайраткері Рахметолла Қаржаубаев ел есінде» тақырыбында тарихи-танымдық кездесу өтті.

Жиынды педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шахман Нағымұлы жүргізді. Іс-шара барысында Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері Рахметолла Қаржаубаевтың өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі туралы мазмұнды баяндамалар ұсынылды.

Жиында Шахман Нағымұлы «Алаш үшін отқа түскен Рахметолла Қаржаубаев» тақырыбында баяндама жасап, қайраткердің ұлт мүддесі жолындағы қызметіне тоқталды. Ал тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Жәмиға Таңатарова «Уалитхан Танашевпен тағдырлас Рахметолла Қаржаубаев» тақырыбында сөз сөйлеп, Алаш қайраткерлерінің тарихи тағдыры мен өзара байланысын атап өтті.

Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Аққали Қабижанұлы «Алашорданың батыс бөлімінің қысқаша тарихы» жөнінде баяндаса, Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Серік Орынғалиұлы Гурьев уезі зиялыларының қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісті.

Кездесу барысында Рахметолла Қаржаубаевтың қызы Дана Рахметоллақызы әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілік болмысы мен отбасы ішіндегі қасиеттері жайында айтып берді. Сондай-ақ өлкетанушы Көптілеу Тәжіғалиев қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты зерттеу жұмыстары туралы айтып өтті.

Іс-шара соңында қатысушылар ұсыныстар айтып, пікір алмасып, Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеу мен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

📷 Дополнительные изображения