Тамырымыз – университетте, болашағымыз – берік бірлікте!
Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қабырғасында 85 жылдық мерейтой аясында Түлектер форумы өтті. Шараға 1968 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі аралықта білім алған 250-ге жуық түлек қатысты.
Форум барысында қатысушылар Халел Досмұхамедов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт ғалымының рухына тағзым етті. Кездесуге университеттің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов, Директорлар кеңесінің төрағасы, профессор Бейбіт Мамраев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Сәлімұлы Иманғалиев қатысып, түлектермен емен-жарқын әңгіме өрбітті.
Бүгінде түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген түлектер алғашқы ұстаздары мен университет ұжымына алғыстарын білдіріп, оқу ордасының 85 жылдығына орай естелік сый-сияпаттар табыс етті.
Шара соңында қатысушылар университет ауласына 20-ға жуық ағаш көшетін отырғызып, білім ордасының мерейтойын игі іспен түйіндеді.