
9 июля 2025
Университет ұжымы Мәжіліс депутаты Д.Тұрғановпен кездесті
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановпен кездесу өтті.
Алдымен депутат қабылдау комиссиясының жұмыс барысын бақылап, талапкерлер мен олардың ата-аналарымен пікір алмасты. Сондай-ақ қабылдау комиссиясындағы жасанды интеллектке негізделген көмекші құралмен және МООК жазу орталығының жұмысымен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қолға алған AI SANA жобасы аясында оқу орнында іске асқан LIBAU онлайн кітапхана жұмысымен танысып, платформа негізінде іске қосылған LIBAU AI жасанды интеллект ассистентінің қызметіне оң бағасын берді.
Ашық пікір алмасу форматындағы кездесуге университет басшылығы мен ұжымы және жас ғалымдар қатысты.
«Қызмет барысында өңірлердегі өндірістік ұжымдармен, білім ордаларымен етене танысып, орнаған мәселелердің шешімін табуға қолдау көрсетіп келеміз. Көрмелеріңіздегі Start-Up жобаларды тыңдап, біраз ақпарат алдым. Қазіргі таңда өте өзекті, қызықты, әрі пайдалы жұмыстар атқарылып жатыр екен. Менің ойымша, бұл жобалар міндетті түрде қолдау табу керек. Сол себепті, айтылған жобаларды тағы бір талқылап, маңызды мәселелерді қарастырып, тиісті жерлерге жеткіземін. Атырау облысының өндіріс жағынан, тың, ғылыми бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жағынан көшбасшылар қатарында болғаны маған да мақтаныш сезімін ұялатады», - деді депутат Дүйсенбай Нұрбайұлы.
Жиында Атырау өңірінің экологиялық мәселелері, 2021 жылы университет жанынан құрылған Республикада баламасы жоқ ер балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатына дербес ғимараттың керектігі, студенттерге арналған заманауи жатақхана мен жаңа оқу корпусының қажеттілігі секілді бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылып, депутат тарапынан қолдау тапты.
Кездесу соңында университет ректоры Саламат Идрисов оқу ордасына арнайы келіп, ұжым тарапынан айтылған ұсыныстарға қолдау білдірген Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановқа алғыс білдіріп, жиынға қатысушылар естелік суретке түсті.
