
2 июля 2025
Экономика және құқық факультетінің түлектері диплом алды
Бүгін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің экономика және құқық факультетінде диплом табыстау салтанаты өтті.
Елдің экономика-заңгерлік бағыттағы бәсекеге қабілетті мамандарын қалыптастыру мақсатында жұмыс жасайтын факультетті биыл 390 түлек бітірді.
Кеш түлектердің университет қабырғасындағы қызықты сәттерінен құралған бейнероликпен ашылды. Мерекелік рәсім университет басшылығы, оқытушылар құрамы, ата-аналар, арнайы шақырылған қонақтар қатысуымен өтті.
Шарада университет ректоры Саламат Идрисов құттықтау сөз сөйлеп, экономика саласында бітірген магистрлер мен үздік диплом иегерлеріне алғыс хаттар мен дипломдар табыстады. Әсіресе, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан, ғылыми жобаларда, спорт пен өнерде жетістікке жеткен студенттердің еңбегі ерекше аталып өтті.
Салтанатты кеште құқықтану бағыты бойынша үздік бітірген түлектерге ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты, университет түлегі Серік Ерубаев диплом табыстады. «Құрметті жиынға қатысушы қонақтар және түлектер! Сіздерді бүгінгі диплом табыстау салтанатымен құттықтаймын. Өзімді Атырау университетінің түлегі болғаным үшін бақытты жанмын деп есептеймін. Алаш ардақтысының атындағы оқу ордасына келіп, диплом табыстау сәтіне куә болғаным үшін алғыстымын. Қадірлі түлектер! Сіздер мыңдаған шақырымға созылатын жолдың алғашқы қадамдарын басқалы тұрсыздар. Төрт жылдық білімнің нәтижесін қолдарыңызға алып, еліміздің экономикасы мен құқық саласына үлес қосатын білікті маман болуларыңызға тілектеспін. Ақ жол!», - деді депутат.
Сонымен қатар Атырау облысы ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұржан Шаеденов, Атырау облыстық Адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Демесінов, өңірлік палатаның жеке сот орындаушысы Мейрам Кукатов, Атырау қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Динара Жәмшебай, Атырау облысы ПД анықтау басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ануарбек Төрәлі сынды білікті мамандар түлектерге диплом табыстау құрметіне ие болды.
Биылғы бітіру кешінің ерекшелігі – әскери кафедраны сәтті аяқтаған экономика және құқық факультетінің түлектеріне «запастағы лейтенант» әскери атағы берілді. Бұл әскери шен ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен 20-дан астам студентке табысталды.
Кеш барысында «Студенттік өмір» әні орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Түлектер мен ата-аналар атынан сөз сөйлегендер оқу ордасына алғыстарын жеткізді.
Оқу ордасының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында қара шаңырақтан түлеп ұшқан барша бітіруші түлектерімізге ақ жол, сәт-сапар тілейміз!
.jpeg)
.jpeg)