
27 июня 2025
Студенттер құтқару және эвакуациялау жұмыстарын меңгеруде
Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің әскери кафедра студенттері тәжірибелік сабақтарын халықты құтқару және эвакуациялау, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша жалғастырды.
Аталмыш жұмыстар - адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, төтенше жағдайларды оқшаулау және оларға тән қауіпті факторлардың әсерін басу немесе мүмкін болатын ең аз деңгейге жеткізу жөніндегі іс-әрекеттер. Бұл жұмыстар құтқарушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін факторлардың болуымен сипатталады және арнайы дайындықты, киім-кешекті және жарақтандыруды талап етеді.
Осы талаптарды жете түсіне отыра студенттер зардап шеккендерді іздеу (қызметтік иттермен) және үйінділерден босату, құтқару мақсатында жоғарыға шығу, зардап шеккен адамдарды жоғарыдан түсіру, эвакуациялау сынды жұмыстарды өздері істеп көрді.
“Аумақтық әскерлерді жоспарлау және ұйымдастыру" мамандығы бойынша студенттерге аталмыш сабақтарды өткізуді ұйымдастырған- оқу-жаттығу жиыны бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары, отставкадағы майор Гульнара Бердалиева.
Ендігі кезекте студенттерді полигондағы екі апталық далалық жаттығулар күтуде. Студенттерге сәттілік тілейміз!
