Media Image

27 июня 2025

Атырау университетінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі басталды

Бүгін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің түлектеріне диплом табыстау салтанатты кеші өтті. Биыл факультетті 186 бакалавр және 64 магистрант тәмамдап отыр. Оның 19-ы үздік диплом иегері атанды.
Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті құрылғаннан бері білім ұжымдары мен өндіріске мамандар дайындап, олар еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада табысты еңбек етуде. Олардың ішінде елімізде білім мен ғылым саласына еңбек сіңірген ғалым-оқытушылар, облысқа, республикаға, әлемге танымал мамандар, өнер мен спорт майталмандары және қоғам қайраткерлері бар.
Салтанатты шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар қатысты.
«Құрметті түлектер, біздің Атырау университетін таңдағандарыңызға алғыс білдіреміз! Осы артта қалған төрт жылда білім, ғылым және тәрбие бағытында оқу ордасының ұстаздары тәлім-тәрбиесін берді. Қолдарыңызға алған дипломдарыңыз құтты болсын! Сіздер - енді жас маман, біздің университеттің түлегісіздер. Оқу ордамыздың басты миссияларының бірі - түлектерімізге әрдайым қолдау білдіру. Сіздерге университет есігі әрдайым ашық. Ақ жол, сәт-сапар тілейміз!»,- деді проректор Асхат Ералыұлы алғы сөзінде.
Жиында университеттің қоғамдық шараларына белсене араласқан өнерпаз студенттерге, спорт шеберлеріне, волонтерлерге, облыстық, республикалық дебаттарға қатысқан, стартап жобаларды жүзеге асырған белсенді түлектерге Атырау университетінің Басқарма Төрағасы - ректор Саламат Идрисовтың, қала әкімінің, «AMANAT» партиясы облыстық  төрағасының, облыстық ішкі саясат басқармасының, Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының атынан арнайы алғыс хаттар табыс етілді.
Шара аясында үздік бітірушілер ән мен жыр арнаса, ата-аналар атынан да жүрекжарды тілектер айтылды. Факультет бітірушілер атынан Республикалық пәндік олимпиадалардың 3 дүркін жүлдегері, Гейдар Алиев атындағы стипендия иегері, жас түлек Нұржас Тойжігіт сөз сөйлеп, оқу ордасына жылы лебізін білдірді.
Бүгін жас түлектер университет қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге жолдама алды. Оқу ордасынан қанат қаққан жас мамандарға табыс пен сәттілік тілейміз!