Медиа ресурсы
МЕДИАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ
Новости

МЕДИАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Экономика және құқық факультеті жанындағы Медиация орталығының ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Ақпараттық-консультациялық кездесудің мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тегін құқықтық және медиативтік көмек көрсету, сондай-ақ дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру.

Ашық есік күніне кәсіби медиаторлар, адвокаттар, заңгерлер және қоғамдық медиаторлар қатысып, азаматтарға өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді. Қатысушылар құқықтарын қорғаудың заңды жолдары, медиация рәсімінің ерекшеліктері және түрлі жанжалдарды сотқа жеткізбей реттеу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алды.

Іс-шараға Халықаралық медиация орталығының кәсіби медиаторлары Жаннат Асабаева мен Ғалымжан Мұғаепов, Халықаралық құқық қорғау орталығы Атырау облыстық филиалының басшысы Рысты Қалиева, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Медиация орталығының басшысы Гүлнафис Жармұханбетова, Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары Шолпан Кенжиева қатысты.

Сонымен қатар тұрғындарға Халықаралық құқық қорғау орталығының Атырау облыстық филиалының медиаторы Динара Сатайбаева, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ Медиация орталығының қоғамдық медиаторлары Хаят Джапаров және Ринат Орынғалиев кеңес берді.

Медиация орталығының ашық есік күні университет пен заңгерлер және медиаторлар қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тұрғындарға кәсіби құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге және туындаған дауларды сындарлы диалог арқылы шешуге ықпал етеді.