Медиа ресурсы
КҮМІС УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ КУРСЫ ӨТТІ
Новости

КҮМІС УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ КУРСЫ ӨТТІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Күміс университеті» жобасы аясында қысқамерзімді курс өтті.

Курсты университеттің Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесі ұйымдастырып, «Фактчекинг және Instagram ұтыс ойындары: ақпараттық сауаттылық, пайдасы мен зияны» тақырыбына арнады.

Курсты Журналистика және дінтану кафедрасының сеньор-лекторы Азамат Туралиев жүргізді.

Курстың мақсаты – тыңдаушылардың ақпараттық және цифрлық сауаттылығын арттырып, интернеттегі ақпараттың шынайылығын тексеру, жалған мәліметтерді ажырату және әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану дағдыларын қалыптастыру.

Оқу барысында қатысушылар фактчекинг әдістерімен, жалған ақпаратты анықтау жолдарымен, сенімді ақпарат көздерін ажырату тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар Instagram желісіндегі ұтыс ойындарының ерекшеліктері, интернет-алаяқтықтан қорғану, жеке деректердің қауіпсіздігі және криптовалюта тақырыптары талқыланды.

Практикалық сабақтарда тыңдаушылар нақты мысалдар арқылы ақпараттың шынайылығын тексеріп, күмәнді сілтемелер мен жалған парақшаларды анықтау бойынша тапсырмалар орындады. Сондай-ақ өзара пікір алмасып, күнделікті өмірде кездесетін цифрлық қауіп-қатерлер жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.

Курс қорытындысы бойынша оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.