Медиа ресурсы
ДӘСТҮРЛІ ӘН МҰРАСЫ ДӘРІПТЕЛДІ
Новости

ДӘСТҮРЛІ ӘН МҰРАСЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде фонетист-зерттеуші, дәстүрлі әнші, Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің тікелей шәкірті Бөрібай Ысқақұлы Кәртеннің шеберлік сабақтары өтті.

Кездесуге музыка және өнер кафедрасында халық әні бағыты бойынша білім алып жүрген 1–4-курс студенттері мен оқытушылар қатысты. Шеберлік сабақтары барысында қатысушылар халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын орындаудың қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе алмасты.

Бөрібай Кәртен студенттерге аңыз әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің орындаушылық мәнері, шығармашылық мұрасы және ұстаздық жолы туралы мазмұнды әңгімеледі. Сондай-ақ өнер иесінің көпшілікке кеңінен таныла бермейтін педагогикалық әдіс-тәсілдері жөнінде құнды мәліметтер берді.

Кездесу барысында ғалымның ғылыми зерттеулері, еңбектері мен мақалалары таныстырылды. Өнертану кандидаты Бақыт Тұрмағамбетова зерттеушінің еңбектеріне тоқталып, олардың дәстүрлі ән өнерін зерделеудегі маңызын атап өтті.

Шеберлік сабағына республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрым Асқанов, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің солистері Бақытбек Сәрсенов пен Жасұлан Базарбаев, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Болатбек Құбашев қатысты. Өнер өкілдері арнайы қонақпен пікір алмасып, дәстүрлі орындаушылық пен ғылыми ізденіске қатысты сауалдарын қойды.

Шеберлік сабақтары студенттердің кәсіби білімін толықтырып, дәстүрлі ән өнеріне тереңірек үңілуіне және Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылық мұрасын жаңаша тануына мүмкіндік берді.