Медиа ресурсы
ҒЫЛЫМ МЕН ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰШТАСТЫРҒАН ҒҰМЫР
Новости

ҒЫЛЫМ МЕН ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰШТАСТЫРҒАН ҒҰМЫР

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде техника ғылымдарының кандидаты, математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры Айгүл Мырзашеваның 70 жасқа толуына орай «Математика және жаратылыстану ғылымдары: зерттеулер мен білім беру сабақтастығы» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Жиын ғалымның кәсіби жолын саралаумен қатар, математика мен жаратылыстану ғылымдарының өзекті мәселелерін талқылауға, ғылыми ізденіс пен білім беру тәжірибесінің сабақтастығын нығайтуға арналды.
Семинарды университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Бахыт Алтынбасов ашып, Айгүл Мырзашеваның университеттің ғылыми-білім беру кеңістігіндегі орнына тоқталды. Ол профессордың көпжылдық ұстаздық қызметі мен ғылыми ізденістері бірнеше буын мамандардың қалыптасуына ықпал етіп, жоғары білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Рахметолла Закарья мерейтой иесіне Басқарма төрағасы – ректор Саламат  Идрисовтың құттықтау хатын табыстады.
Семинардың ғылыми бөлімінде математикалық білім мазмұны, оқыту әдістемесі және математикалық модельдеу мәселелері қарастырылды. Университет түлегі, «Bcube» білім беру орталығының директоры Бағдат Балабек SAT және ҰБТ емтихандарының математикалық бөлімдеріне салыстырмалы талдау жасады.
Сумгаит мемлекеттік университетінің «Математикалық талдау және дифференциалдық теңдеулер» кафедрасының доценті, PhD Лейла Насирова семинарға онлайн қатысып, ғылыми ой-пікірін ортаға салды. Кіші өнер академиясының математика және информатика пәндерінің мұғалімі Айкөркем Нұрланқызы бір және екі факторлы дисперсиялық талдау әдістері арқылы медициналық-биологиялық үдерістерді модельдеу тақырыбында баяндама жасады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Батырбай Оразбаев ғылыми есебіне байланысты семинарға қатыса алмаса да, мерейтой иесіне арнаған жүрекжарды құттықтауын жолдады. Ғалымның жылы лебізі жиын барысында оқылып, Айгүл Нармағанбетқызының ғылым мен білім саласындағы елеулі еңбегі мен әріптестік байланыстарды дамытуға қосқан үлесі атап өтілді.
Сондай-ақ Сумгаит мемлекеттік университетінің доценті Хаяла Сейфуллаева, Франциядағы Пуатье университетінің математика докторы Патрис Ноден, онлайн  форматта құттықтау лебіздерін жеткізді.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, Атырау қаласындағы білім беру ұйымдарының басшылары мен математика пәнінің мұғалімдері де ғалымға құрмет көрсетіп, ізгі тілектерін арнады.
Мерейтой иесінің бірге білім алған сыныптастары мен курстастары Айгүл Нармағанбетқызының жастық шағынан бергі ізденімпаздығы, еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттері туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Туған-туыстары отбасындағы аяулы жанның қамқорлығы мен парасаттылығын ерекше атап өтіп, ақжарма тілектерін білдірді. Ал әр жылдардағы шәкірттері ұстаздарының білімге құштарлықты қалыптастырып, кәсіби жол таңдауларына бағыт-бағдар берген тәлімгерлік еңбегіне ризашылықтарын жеткізді. Олардың шынайы лебіздері мерейтойлық басқосуға айрықша жылылық пен әсерлі көңіл күй сыйлады.
Айгүл Нармағанбетқызы еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастап, 1996 жылдан бері Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде жемісті қызмет етіп келеді. Техника ғылымдарының кандидаты, 160-тан астам ғылыми еңбек, оқу құралдары мен монографиялардың авторы ретінде ол бірнеше буын мамандардың қалыптасуына зор үлес қосты. Ұстаздың көпжылдық еңбегі «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «Халел Досмұхамедұлы» алтын медалімен және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантымен бағаланды.
Ғылым мен ұстаздықты қатар өрбіткен профессор Айгүл Нармағанбетқызы Мырзашеваның өнегелі өмір жолы, ғылымға адалдығы мен шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі әріптестері мен жас мамандарға үлгі болып қала бермек.