Медиа ресурсы
«DIGITAL ATYRAU 2026»: АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ
Новости

«DIGITAL ATYRAU 2026»: АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ


Бүгін Атырау қаласында цифрлық технологиялардың даму перспективаларын талқылауға арналған «Digital Atyrau 2026» халықаралық IT-форумы өтуде. Ауқымды шараға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті де белсенді қатысуда.

Форумға университеттің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов қатысты. Сондай-ақ форум аясындағы панельдік сессияларға, практикалық семинарлар мен пікірталастарға кафедра меңгерушілері, оқытушылар және студенттерден құралған университет делегациясы қатысуда.

Форум бағдарламасындағы маңызды алаңдардың бірі – инновациялық стартаптар көрмесі. Онда университет қызметкерлері мен студенттері бірлесіп әзірлеген LiBAU және AqulJol жобалары таныстырылды. Бұл жобалар университетте жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің практикалық маңызын және білім алушылардың инновациялық бастамаларға қызығушылығын көрсетеді.

Университеттің форумға қатысуы – цифрлық трансформация бағытындағы жүйелі жұмысының бір көрінісі. Қазіргі уақытта оқу орнында Жасанды интеллект орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар күнделікті қайталанатын міндеттерді автоматтандыруға арналған жасанды интеллект агенттері әзірленіп, цифрлық сервистер жүйесі дамытылуда.

Университет студенттері «AI-Sana» ұлттық білім беру жобасы аясында цифрлық құзыреттерін жетілдіріп келеді. Ал профессор-оқытушылар құрамы ChatGPT EDU бағдарламасы шеңберінде генеративті жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, оларды оқу үдерісінде және оқыту әдістемесінде қолдануда.

Атырау университеті ғылыми зерттеулер мен цифрлық инновацияларды ұштастыра отырып, Каспий өңірінің технологиялық дамуына үлес қосып келеді. Университеттің бұл бағыттағы жұмысы цифрлық технологияларды меңгерген, инновациялық ойлау қабілеті қалыптасқан жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.