Медиа ресурсы
ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМ ЗЕРТТЕУ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
Новости

ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМ ЗЕРТТЕУ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Ұлыбританиядан келген шетелдік ғалым, PhD Отто Ченнің қатысуымен ғылыми семинар өтті. Кездесу Еуропалық Одақтың «Horizon Europe» бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері мен халықаралық ғылыми басылымдарда мақала жариялау мәселелеріне арналды.

Ғылыми семинардың негізгі мақсаты – қазақстандық зерттеушілердің Еуропалық Одақтың ірі гранттық жобаларына қатысу белсенділігін арттыру, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және олардың зерттеу әлеуетін жаһандық деңгейде жүйелі түрде дамыту.

Іс-шара барысында университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Рахметолла Закарья сөз сөйлеп, мұндай ғылыми кездесулердің білім алушылар, әсіресе бітіруші курс студенттері үшін маңызына тоқталды. Ол халықаралық бағдарламалар туралы тәжірибелік ақпараттың жас зерттеушілердің ғылыми бағытын айқындауға, академиялық дағдыларын жетілдіруге және болашақ кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.

PhD Отто Чен «Horizon Europe» бағдарламасының ерекшеліктері, халықаралық гранттық жобаларға өтінім әзірлеу кезеңдері және ғылыми ұсыныстарды сапалы дайындау талаптары жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Сондай-ақ ғалым еуропалық жобаларға сәтті қатысқан сарапшылардың тәжірибесіне сүйене отырып, бәсекеге қабілетті зерттеу идеясын қалыптастыру, сенімді халықаралық серіктестер табу және гранттық өтінімнің мазмұнын дұрыс құрылымдау бойынша практикалық кеңестерімен бөлісті.

Кездесу барысында қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, халықаралық гранттарға қатысу мен ғылыми мақалаларды жариялау кезінде кездесетін негізгі қиындықтар жөнінде пікір алмасты. Ғалым нақты мысалдар арқылы ғылыми жобаларды әзірлеудің маңызды қырларын түсіндіріп, жас зерттеушілерге халықаралық ғылыми ортада белсенді болуға бағыт-бағдар берді.