Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов Ұлыбританиядан келген шетелдік ғалым, PhD Отто Ченді қабылдады.
Кездесу барысында тараптар су ресурстарын тиімді басқару, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және табиғатқа негізделген шешімдерді дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттары қарастырылды.
Отто Чен – Ұлыбританиядағы Stantec компаниясының су ресурстары жөніндегі жетекші кеңесшісі. Ол Бристоль университетінде су ресурстары және қоршаған ортаны басқару мамандығы бойынша PhD дәрежесін алған. Ғалымның су инженериясы, айналмалы экономика, ақылды инфрақұрылым, цифрлық егіздер және климаттық төзімділік бағыттарында 25 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар.
Кездесуде университет басшысы Саламат Идрисов шетелдік мамандармен бірлескен ғылыми жұмыстар университеттің зерттеу әлеуетін арттыруға және халықаралық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Шетелдік ғалым 2026 жылғы 21 қазан мен 8 қараша аралығында университеттің Жаратылыстану ғылымдары факультетінде ғылыми және академиялық бағыттағы жұмыстар жүргізеді. Сапар аясында профессор-оқытушылар құрамымен және білім алушылармен тәжірибе алмасып, ғылыми кездесулер мен дәрістерге қатысады.