Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қытай Халық Республикасының Ақтөбе қаласындағы Бас консулдығының делегациясымен кездесу өтті. Құрамында Бас консул Го Юй, консулдар Чжан Шэнпэн мен Чжан Тяньци болған делегацияны оқу орнының басшылығы қабылдады.
Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру, ғылым және технология салаларындағы байланыстарды дамыту мәселелері қаралды. Тараптар қытайлық жоғары оқу орындарымен ғылыми әріптестік орнату, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен зерттеу жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарындағы әлеуетін таныстырып, Қытай университеттерімен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.
«Халықаралық әріптестік білім сапасын арттырып, ғылыми ізденістердің аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз Қытайдың жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және студенттерімізге жаңа академиялық мүмкіндіктер ашуға мүдделіміз. Ортақ бастамаларды нақты жобаларға айналдырып, екі тарапқа да пайдалы нәтижелерге қол жеткізу маңызды», – деді Саламат Идрисов.
Кездесуде заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу, ғылым мен өндіріс байланысын нығайту және қытайлық ғылыми орталықтармен зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу мәселелеріне де назар аударылды.
Кездесу қорытындысында тараптар білім мен ғылым саласындағы байланыстарды нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытты.
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті халықаралық академиялық және ғылыми байланыстарын кеңейту бағытындағы жұмысын жалғастырады.