Медиа ресурсы
«ХАМИТ ЕРҒАЛИЕВ МҰРАСЫ: ДӘСТҮР, ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЖӘНЕ САБАҚТАСТЫҚ»
Новости

«ХАМИТ ЕРҒАЛИЕВ МҰРАСЫ: ДӘСТҮР, ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЖӘНЕ САБАҚТАСТЫҚ»

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен өңірдің көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің 110 жылдығына орай «Хамит Ерғалиев мұрасы: дәстүр, жаңашылдық және сабақтастық» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараның басты мақсаты – ақынның әдеби мұрасын зерделеу, қазақ поэзиясындағы шығармашылық даралығын таныту, ұлттық әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін талқылау және әдеби сабақтастықтың маңызын айқындау.

Дөңгелек үстел барысында 7М01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1–2-курс магистранттары ақынның шығармашылық әлемі, поэзиясының көркемдік ерекшеліктері, ұлттық рух пен тарихи танымды бейнелеудегі шеберлігі туралы пайымды пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар Хамит Ерғалиев мұрасының қазақ әдебиеті тарихындағы орнына тоқталып, ақын шығармашылығының бүгінгі әдеби үдерістегі мәні мен рухани құндылығын талқылады.

Дөңгелек үстелде магистранттар ақын мұрасының әр қырын қамтыған мазмұнды пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, ақынның туған ауылының түлегі Бекарыс Қадыржан Хамит Ерғалиевтің кіндік қаны тамған жері, ақын есімін ұлықтау бағытындағы жұмыстар және Х.Ерғалиев ауылында ашылған музей туралы ойларын ортаға салып, тағылымды естеліктерімен бөлісті.

Ал Хамит Ерғалиевке арналған мүшәйрада бірінші орынды иеленген Бекзат Елеусинов ақын поэзиясына көркемдік талдау жасап, ақын шығармаларының өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. Әлімбай Әсел ақынның дастандарын кеңінен қарастырып, олардың идеялық-көркемдік сипаты жөнінде мазмұнды баяндама ұсынды.

Х.Ерғалиевтің әйгілі «Құрманғазы» дастанының жазылу тарихы мен шығармадағы күйші тұлғасының көркем бейнеленуін екінші курс магистранты Гүлжанат Елеуова талдап, туындының тарихи және әдеби маңызын ашуға назар аударды. Сондай-ақ Ақерке Қалекес ақынның сонеттеріне жаңаша қырынан талдау жасап, поэтикалық форманың ерекшеліктері мен ақындық ізденістеріне қатысты тың тұжырымдарын ұсынды. Ақынның публицистикалық мұрасы туралы сөз алған Айсәулеш Бектасқызы Хамит Ерғалиевтің публицистикалық шығармаларының мазмұндық ерекшеліктеріне, қоғамдық ойды жеткізудегі қаламгерлік ұстанымына және шығармаларындағы дәуір тынысының көрінісіне тоқталды.

Тағылымды басқосу барысында ақын мұрасының ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастығы, шығармаларын ғылыми тұрғыдан зерттеу және жас ұрпаққа насихаттау мәселелері де назарға алынды. Магистранттардың баяндамалары Хамит Ерғалиев шығармашылығының сан қырлылығын танытып, ақын мұрасын жаңа ғылыми пайымдар тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік берді.

Дөңгелек үстел магистранттардың ғылыми ізденістерін дамытуға, әдеби-танымдық көзқарастарын тереңдетуге және ұлттық әдеби мұраны бағалауға бағытталған мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды. Ақынның 110 жылдығына арналған бұл басқосу – Хамит Ерғалиевтің бай әдеби мұрасын ұлықтауға, оның шығармашылық тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуға және ұлттық поэзиядағы дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығын пайымдауға арналған тағылымды шара болды.