Медиа ресурсы
ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ!
Новости

ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ!

Алматы қаласындағы Ғылым ордасының ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау жолдады. Сондай-ақ жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, академия ғалымдарының отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі, өнертабыстары мен ғылыми зерттеулеріне жоғары баға берді.

Мерейтойлық жиынның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев модераторлық жасап, академияның 80 жылдық тарихы, отандық ғылымның жетістіктері мен даму бағыттарына арналған негізгі баяндамасын жасады.

Аталған салтанатты жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен бірге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Бейбіт Мамраев пен университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисовта қатысып,  академия ұжымы мен ғылыми қауымдастық мүшелерін мерейтойымен құттықтады.

Мерейтой аясында ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен ғылыми қауымдастық өкілдерін марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің түрлі ведомстволық наградалары табысталды.

Атап айтқанда, Директорлар кеңесінің төрағасы, профессор Бейбіт Мамраев Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жаңадан бекітілген ведомстволық наградасы – «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапатталды.

Ауқымды іс-шарада Түркия, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Татарстан ғылым академияларының басшылары мен өкілдері мерейтойға орай құттықтауларын жеткізді. Халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерінің қатысуы Қазақстан ғылымының әлемдік ғылыми кеңістіктегі орны мен ынтымақтастық байланыстарының маңыздылығын айқындай түсті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы – еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға, ғылым мен жоғары білімнің сабақтастығын нығайтуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды тарихи белес.

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ұжымы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясын 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!