
22 мая 2025
Оқушылар қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған облыстық олимпиадада бақ сынады
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде білім ордасының 85 жылдығына орай және «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру – болашақ әл-ауқаттың маңызды факторы» атты оқушылар арасында облыстық олимпиада өтті.
Олимпиаданы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Атырау университеті ұйымдастырды.
Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған білім мен дағдыларды дамыту мақсатында ұйымдастырылған олимпиадаға Атырау облысы мен Атырау қаласының жалпы орта білім беретін мектептерінің 11-сынып оқушылары қатысты.
Жарыста Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Бекболат Анесов, Атырау облыстық Білім беру басқармасы әдістемелік орталығының әдіскері Ардақ Орынбаева, Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Нұржан Құмарғалиев, «Форте банк» АҚ АФ заңды тұлғаларға операциялық қызмет көрсету бойынша директордың орынбасары Амангелды Унаганов, Атырау облыстық жастар мәслихаты депутаты, БҰҰ «Есірткісіз болашақ» ҚҚ Атырау облыстық басшысы Айкөркем Жолдас сынды білікті мамандар әділ қазылық етті.
Сайыс барысында оқушылар қаржылық сауаттылыққа қатысты білімдерін ортаға салып, арнайы әзірлеген жобаларын таныстырды.
Олимпиада екі кезеңнен тұрды: алғашқы кезеңде оқушылар сауалнама арқылы теориялық білімдерін көрсетсе, екінші кезеңде жоба қорғады.
Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар мен үздік жоба авторлары арнайы дипломдар және алғыс хаттармен марапатталды.
І орын - Нұрай Нәсіпқали (Атырау қаласы, №3 мектеп-гимназия оқушысы) 6В04105 - Қаржы және аналитика білім бағдарламасы бойынша оқу ақысының 100% мөлшерінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің гранты;
ІІ орын - Дамир Закария (Қаныш Сатпаев атындағы мектеп – гимназия оқушысы) 6В04105 - Қаржы және аналитика білім бағдарламасы бойынша оқу ақысының 50% мөлшерінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің гранты;
ІІІ орын - Шынарай Байымбетова (И.Тайманов атындағы № 27 мектеп оқушысы) 6В04105 - Қаржы және аналитика білім бағдарламасы бойынша оқу ақысының 30% мөлшерінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің гранты.
Сонымен қатар олимпиадаға белсенді қатысқаны үшін Мадина Темирболатова, Дамира Жәнібекқызы, Шынарай Байымбетова, Дамир Закария, Нұрай Нәсіпқали сынды қатысушылар ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің арнайы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Сайыс үздіктерін жеңістерімен құттықтаймыз!