Медиа ресурсы
ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ БАСТАУЫ – ЖАС МАМАНДАРДЫҢ ЖАРҚЫН ҚАДАМЫ
Новости

ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ БАСТАУЫ – ЖАС МАМАНДАРДЫҢ ЖАРҚЫН ҚАДАМЫ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Инновациялық білім беру факультетінің түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті.

 Бүгінгі диплом табыстау рәсімі ел өміріндегі маңызды тарихи күнмен тұспа-тұс келді. 1 шілдеде Халық Конституциясының заңды күшіне енуімен басталған жаңа кезеңде факультет түлектері де үлкен өмірге қадам басып, жоғары білім туралы дипломдарын иеленді.

 Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған бейнеқұттықтауымен ашылды. Биыл Инновациялық білім беру факультетін 544 бакалавр тәмамдаса, оның 24-і үздік диплом иегері атанды. Сонымен қатар ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша білім алған 61 магистрантқа магистр дәрежесі берілді. Бұл – профессор-оқытушылар құрамының қажырлы еңбегі мен жастардың білімге деген ынта-жігерінің нәтижесі.

 Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар және құрметті қонақтар қатысты.

 Алғаш болып университеттің Басқарма Төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов құттықтау сөз сөйледі.

 Университеттің Басқарма Төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов түлектерді айтулы күнмен құттықтап, диплом табыстау рәсімі бірнеше жылдық қажырлы еңбектің, үздіксіз ізденіс пен білімге деген құштарлықтың жемісі екенін атап өтті. Сондай-ақ Инновациялық білім беру факультетінің елімізге білікті педагогтар, психологтар, спорт саласының мамандары және алғашқы әскери дайындық бағытындағы кәсіби кадрларды даярлаудағы маңызды рөліне тоқталды. Ректор жас мамандарды алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, адалдық, кәсібилік пен адамгершілік қағидаттарын биік ұстап, университетпен байланысын үзбей, оның дамуына үлес қосуға шақырды.

 Рәсім барысында үздік оқу нәтижелерін көрсеткен түлектер мен магистранттарға дипломдары табысталып, оқу, ғылым, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен ерекшеленген студенттер университет басшылығы мен әлеуметтік серіктес мекемелердің Алғыс хаттарымен марапатталды.

 Сонымен қатар республикалық пәндік олимпиадаларда, халықаралық байқаулар мен спорттық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген, университеттің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан түлектердің жетістіктері арнайы атап өтілді.

 Диплом табыстау салтанаты жас мамандарға ақ жол тілеп, естелік суретке түсумен және мерекелік көңіл күйде қорытындыланды.