Media Image
15.04.2026 8

Атырау университетінде көрнекті ғалыммен кездесу өтті

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде  «2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған бастаманы қолдау мақсатында өтті.

Семинарға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Теориялық математика және ғылыми есептеулер институтының директоры, белгілі қазақстандық ғалым-математик Нұрлан Темірғалиев қатысты.

Кездесуді университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов ашып, өз сөзінде ғалымның ғылымдағы зор жетістіктеріне тоқталды. Ректор Нұрлан Темірғалиұлының отандық және әлемдік математика ғылымына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, оның ғылыми еңбектері мен шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалады.

Кездесу барысында ғалым өзінің ғылыми жолы мен жетістіктері туралы кеңінен баяндады. Нұрлан Темірғалиұлы – физика-математика ғылымдарының докторы, Жоғары мектеп Халықаралық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі. Ол Мәскеудегі Стеклов атындағы математика институты аспирантурасында білім алып, көп айнымалы функцияларды қалпына келтіру мен сандық интегралдау алгоритмдерінің тиімділігіне қатысты іргелі ғылыми мәселені шешкен.

Ғалымның негізгі зерттеу бағыттарына көп айнымалы функцияларды қалпына келтіру, сандық интегралдау әдістері, есептеу математикасы және алгоритмдердің тиімділігін арттыру мәселелері жатады.

Ол осы бағыттар бойынша әлем математиктері ұзақ уақыт шеше алмаған күрделі ғылыми проблемаларды шешіп, ғылымға елеулі жаңалық енгізген. Ғалымның ғылыми қоржынында 50-ден астам еңбек бар және ол көптеген жас зерттеушілерді тәрбиелеп шығарған.

Сонымен қатар, ол математикалық білім сапасын арттыру бағытында белсенді еңбек етіп, қазақ тілінде үш томдық «Математикалық талдау» еңбегін жазған. Бұл еңбек отандық жоғары білім беру жүйесінде кеңінен қолданылып келеді.

Кездесу барысында қатысушылар цифрландыру, жасанды интеллект және заманауи математиканың даму бағыттары жөнінде пікір алмасты. Студенттер мен жас ғалымдар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі ғалымнан құнды жауаптар алды.

📷 Дополнительные изображения