Media Image
15.04.2026 13

«Ләйлідей ыстықсың, Мәжнүндей құмартсам...» атты поэзиялық кеш өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Ләйлідей ыстықсың, Мәжнүндей құмартсам...» атты поэзиялық кеш өтті.

Тағылымды шараның мақсаты – жастар арасында поэзияны насихаттау, махаббат тақырыбындағы әдеби мұраларды дәріптеу, студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдау және көркем сөз өнеріне қызығушылығын арттыру.

Шараның арнайы қонағы ретінде ақын, ғалым, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Маржан Ершу қатысты. Жиында ақынның шығармашылығы таныстырылып, махаббат тақырыбындағы өлеңдері оқылды.

Кеш барысында қатысушылар махаббат тақырыбындағы өлеңдерді оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, Маржан Аманқосқызының сөзіне жазылған «Жапырақ жүрек» әнін Мәдениет саласының үздігі Венера Машкалиева орындады.
Жиын барысында ақын Маржан Ершуге университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің "Құрметті профессоры" атағы берілді. 

Сондай-ақ, Атырау Жастар театры әртістерінің қатысуымен «Без қыз туралы хикая» қойылымы сахналанды. Көрерменге ұсынылған қойылым махаббаттың мәні мен адам өміріндегі орнын көркем түрде жеткізді.
Шара барысында студенттер де өз шығармаларын оқып, поэзияға деген қызығушылықтарын көрсетті. 

Кеш соңында ақынмен сұхбат ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан махаббат, поэзия және шығармашылық тақырыптарында сұрақтар қойылды. Маржан Ершудің сөзіне жазылған «Атырау Арман» әнімен кеш өз мәресіне жетті. Поэзия мен өнер тоғысқан тағылымды кеш студенттерге ерекше рухани әсер сыйлады.

📷 Дополнительные изображения